Шымкент қаласында ағымдағы жылы 16 көпқабатты тұрғын үйде 29 жедел саты (лифт) қондырғыларын ауыстыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 12 тұрғын үйде 22 лифтті жаңарту жұмыстары басталып, қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін қосымша 4 көпқабатты үйде 6 лифтті ауыстыру көзделіп отыр.
Нұрсәт шағынауданының №128, 132, 135В, 135Б, 135А үйлерінің тұрғындары да өз үйлеріндегі лифттерді ауыстыру қажеттігін айтып өтініш білдірген. Осыған байланысты пәтер иелерімен жиналыс өткізіліп, заңнама талаптары мен күрделі жөндеу тәртібі жан-жақты түсіндірілді. Жиналыс қорытындысы бойынша хаттамалар рәсімделді.
Ескерте кетсек, тұрғын үй заңнамасына сәйкес ортақ мүлікке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы жиналысында қабылданады. Шешімді қабылдау үшін көпшіліктің қолдауы қажет.
Бұл жұмыстар қаланың тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.