Шымкентте Өзбекстан әртістерінің қойылымы сахналанды

23

 

Шымкентте Орталық Азия елдері театрларының халықаралық фестивалі жалғасып жатыр. Бұл жолы Өзбекстаннан келген «Дийдор» мемлекеттік эксперименталды жастар театры Хамза Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны» атты комедиясын сахналады. Қойылымды тамашалауға келген көрермендер қарасы көп болды.

«Сайқымазақтардың ойыны» комедиясы Майсараның айлакерлігі деп те аталады. Себебі басты кейіпкер Майсара өзінің айласы арқылы қоғамдағы шенді адамдардың шынайы бет-бейнесін, яғни сайқымазақ екендігін көпшілікке көрсетеді. Қойылымда әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдардың кемшіліктері әзіл әжуамен жеткізіледі. Жалпы қойылымның мақсаты қоғамдағы олқылықтарға көз жұмып қарамай, әрқашан ашық көзқарас танытуға шақыру болып табылады. Комедия өзінің өзектілігімен фестивалде ерекшелене алды.

Ирода Қосимова, Өзбекстандық «Дийдор» мемлекеттік жастар театрының әртісі: «Қойылымда Чопон атты адамның әкесі оған мұра ретінде өз байлығын қалдырып кетеді. Бірақ бала кішкентай болған соң өсем дегенше ақшаны жергілікті төрешіге аманаттайды. Алайда ол аманатқа қиянат жасап, әкесі ақшаны мешіт салуға қалдырған дейді. Әккі де әрі пысық әйел Майсара осының бәрін реттеуге бекінеді. Нәтижесінде осы құйтырқылық жолындағы түрлі адамдардың шынайы бет бейнесі ашылады. Олар есек, бұқа, ешкі кейпіне еніп, қандай екендерін көрсетіп қояды. Мұның барлығы Майсараның әжуаланған айласымен әшкереленеді».

Комедия режиссері қойылым бай мен кедей арасындағы қарама-қайшылықты көрсету арқылы өмірдегі маңызды адамгершілік қасиеттерді ұғындыруға ұмтылдырады, дейді. Аталмыш комедия бұған дейін Түркістан және Алматы қалаларында сахналанған. Сондықтан бұл спектакль Қазақстан театр сүйер қауымына төселе түскен. Оған фестивальге деген ынта да арқау болды дейді, қоюшы режиссер.

Руслан Хайдаров, «Сайқымазақтар ойыны» қойылымының режиссері: «Біз Шанин театрының 95 жылдығына арналған түркі тілдес халықаралық театрлар фестиваліне алғашқы рет қатысып отырмыз. Мұнда Майсараның айласы атты комедиямызбен келдік. Спектакльде бай, төреші, Майсара, Чопон сынды кейіпкерлер арқылы бай мен кедей арасындағы тартыс, жанжал көрсетіледі. Кімнің кім екені анықталады. Жалпы мұндағы фестивальге қатысудағы негізгі мақсатымыз тәжірибе алмасу. Үйрену, көру».

«Өнер — адамзаттықтың ортақ тілі». Қойылым өзбек тілінде өткенімен шымкенттік көрермендер оны түсінуге бар зейінін салды. Театр қасбетінде арнайы аударма болғанымен, қалың көрермен театр әртістерінің әр қимылын бағып, қақпа қалжыңдарға қарық болды. Көрермендердің айтуынша, қойылымның мәнін толық түсінбесе де, терең ойға барынша бойлай алды.

«Енді өзге тіл болғаннан кейін барлығын анық түсіне білмедік. Аударма болды ғой, соған қарап түсінгенімізше түсіндік. Менің бағам бойынша 10-нан 8 қоямын».

«Бүгінгі өзбек театры спектаклі өте қызықты, әсерлі болды. Майсара деген кейіпкер бір жақсы ойнады. Дана әйел сияқты».

Айта кетейік, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына орай өтіп жатқан Орталық Азия елдері театрларының халықаралық фестивалі 11 қарашаға дейін жалғасады. Сонан соң үздік ұжымдар мен өнерпаздар анықталып, арнайы номинациялармен марапатталады.

Әділет Әнуар