Жалпыға бірдей декларациядан кімдер босатылады?

25

Қазақстан азаматтары декларация тапсырудан босатылады. Бұл жеке тұлғаларға, оның ішінде жеке сектордың қызметкерлеріне, зейнеткерлер мен үй шаруасындағы әйелдерге және студенттерге қатысты болмақ. Ел Президенті жалпы декларациялау мәселелерін қайта қарауды тапсырды. Ал қай санаттағы азаматтар декларация тапсыруға міндетті? 

Қаржы министрлігі жалпыға бірдей декларацияны тапсыруға мәжбүр болатын азаматтар тізімін жариялады. Онда шетелде мүлкі бар, шетелдік банк шоттарында 1000 айлық есептік көрсеткіштен астам қаражаты бар, сондай-ақ инвестициялық активтері мен бірлік құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын мүлігі бар қазақстандықтар бар.

Дина Құсайынова, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының жетекшісі: «Антикоррупциялық заңнамаға сәйкес, сайланатын және мемлекеттік қызметке кандидаттар міндетті түрде активтері мен міндеттемелері туралы кіріс декларациясын ұсынуы керек. Сонымен қатар, банк жүйесі, сақтандыру ұйымдары мен бағалы қағаздар нарығы бойынша салалық заңнамаларға сәйкес, банктердің, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздардың ірі қатысушылары кіріс декларациясын тапсыруға міндетті»

Бұдан бөлек, жыл сайынғы декларацияны жеке кәсіпкерлер де тапсыруға міндеттеледі. Сонымен қатар, кейбір зейнеткерлер мен студенттер де табысы мен мүлкі туралы есеп беруі тиіс болады.

Дина Құсайынова, Қаржы министрлігі кедендік қызметінің жеке тұлғалардың табыстарын басқару басқармасының жетекшісі: «Бізде әртүрлі зейнеткерлер бар. Егер олардың шетелде мүлкі болса, декларация тапсыруы керек. Егер болмаса, бұл міндетті емес. Студенттерге де солай».

Ал қалған азаматтар декларациядан босатылады. Айта кетейік, декларациялау — барлық азаматтың табысы мен мүлкін көлеңкеден шығаруға бағыттау үшін енгізілген болатын. Алайда қазіргі уақытта азаматтар ақшасыз төлем жүйесіне өтіп жатқанда, мемлекетке барлық қаржы қозғалыстары қолжетімді болды.

Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы: «Цифрлық технологиялардың кең таралуын ескерсек, транзакциялардың басым бөлігі онлайн түрде жүзеге асады. Сондықтан оларды көрсету қажет емес. Жалпыға ортақ декларациялауға жататын 99% азаматта декларациялайтын да, жасыратын да ештеңе жоқ»

Қаржы министрлігінің барлық ұсыныстары депутаттарға қарауға жіберіледі. Парламентте кімдердің кіріс декларациясын тапсыруы керек екені келесі жылы шешілмек.

Мұхамедали Шалхарбай