Дәрігердің қателігінен зардап шексеңіз, өтемақы талап ете аласыз

22
ОТЫРАР

Енді дәрігер қателігі үшін науқастарға өтемақы төленеді. Жаңа заң келер жылдан бастап қолданысқа енбек. Бұл жаңашылдық жұрт арасында түрлі пікір туғызды. Бірі «ақша адамның орнын баспайды» десе, енді бірі «кінәлілер өтемақы төлеуі тиіс» дейді.

Дәрігердің қателігінен зардап шеккен науқастар енді өтемақы талап ете алады. Яғни, ақ халаттылардың кесірінен мүгедек болып қалсаңыз немесе жақыныңыз қайтыс болса, кінәлі тарап сізге млн-даған қаржы төлеуі керек».

Жаңа заң жобасы келер жылдан бастап қолданысқа енеді. Мұндағы мақсат медициналық қызметтің сапасын арттырып, дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру. Ал төленетін қаражаттың мөлшері науқастың алған жарақатына сәйкес тағайындалады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері:
«Егер қайтыс болған жағдайда 11 млн 76 мың тг. Егер бала мүгедек болып қалса 1 млн 846 мың тг. Егер медициналық қызметті көрсету барысында 1 топ мүгедегі болғаны анықталса, 2 млн 953 мың тг. 2 топ мүгедегі болып қалса 2 млн 215 мың 200 тг. Егер 3 топ мүгедегі болса 1 млн 846 мың тг. Ешқандай мүгедектік болмай зардап шексе, 1 млн 107 мың тг төленеді. Бұл анықталған, заңда жазылып отырған сома»

Ал, қала тұрғындары бұл заң туралы қандай пікірде. Өздерінен сұрап көрдік.

— «Дәрігерлердің кінәсі болса, ол жазалануы керек қой»
— «Адамның орнын ақшамен толтырамайсың ғой. Бірақ та кішкене болса да отбасына сеп болады»
— «Сотталуы да керек, төлеуі де керек қой негізі»
— «Кімнің кінәсінен болса сол төлеуі керек. Барлық жерде. Тек медицинада емес, басқаларында да солай болуы керек»
— «Жоқ мен қолдамаймын. Себебі олар да адам. Қандай дәрігер өзінің жұмысына салақ қарайды? Олар да науқасты аман алып қалғысы келеді ғой»,- деп жауап берді шымкенттіктер.

  • Ескерте кететін жайт, өтемақыны алу үшін сіз дәрігердің қателігінен зардап шеккеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Ал науқастың өмірі мен денсаулығына қандай зиян келгенін тәуелсіз комиссия анықтайды. Төлемдер сол шешімге сәйкес беріледі. Егер науқас, не оның туысы комиссия қорытындысымен келіспесе, Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіре алады. Тіпті төлемақыға көңілі толмаса, сотқа арыздануға да құқығы бар.