Мұғалімнің мәртебесі ұлықталған күн

Дүйсен Жүнісбеков, №7 лицейінің мұғалімі

Қазан айының бірінші жексенбісі – мұғалімдер күні. 2012 жылдың 7 қазаны сөйтіп, ұстаздар мерекесіне тұспа-тұс келіп тұр. Әліппені үйретіп, зердемізді ашқан апай-ағайларымызды қаншалықты құрметтеп жүрміз?

Сайлау науқанында зыр жүгіріп, алаңдардағы митингілерге қатысу мен сүреңсіз жиналыстардың тыңдарманына айналу қазіргі ұстаздардың парызына айналған. Сонда олар ұстаз мәртебесін алып жүруге қаншалықты дайын болмақ?! Ақынды да, әкімді де тәрбиелеген педагогтардың бірқатарымен төлмерекесі қарсаңында сұқбаттастық. Айта өткен жөн, Шымкенттегі жалпы мұғалімдер саны 14500-ді құрайды.

Дүйсен Жүнісбеков, №7 лицейінің мұғалімі

Осынау мәртебелі мамандықты меңгеріп, ұлағатты ұстаз атанған азаматтардың бірқатарына сенбі күні қала әкімі Қайрат Молдасейітов сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Алқалы жиында шаһардағы ең үздік делінген 3 мұғалімге ерекше сый-құрмет көрсетіліп, ноутбуктер тапсырылды. Оның бірі №7 лицейінің ұлағатты ұстазы, физика пәнінің мұғалімі Дүйсен Жүнісбеков болса, екіншісі А.Пушкин атындағы №1 мектеп гимназяисының биология пәнінің мұғалімі Алина Соловьева, үшіншісі №65 мектептің ән-күй сабағының ұстазы Роза Амриналар еді.

Дүйсен ЖҮНІСБЕКОВ, №7 лицейдің физика пәнінің мұғалімі: «Шынымды айтсам, ноутбук алу маған арман болып жүр еді. 38 жылдық жұмыс тәжірибемде көптеген сый алдым. Бірақ бүгінгі сыйдың жөні бөлек. Оқушыларыма дәріс беру үшін мүмкіндігім одан әрмен ашылды».

Десе де, қоғамдағы мұғалімнің мәртебесі мұнымен өлшенбесі анық. Ұстаз болу ұста болу мәртебесінен де төмендеп кетті деп жүр көп жұрт. Алайда, №47 мектепте 40 жылдан бері бастауыш сыныптарда сабақ беріп келе жатқан Гүлшара апай мұнымен келіспейді. Көп жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз мұғалімнің мәртебесі түскен жоқ. Бірақ, кейбір жәйттардің қынжылтатын мойындайды.

Гүлшара ЖҰМАҒҰЛОВА, №47 мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі

Гүлшара ЖҰМАҒҰЛОВА, бастауыш сыныбының мұғалімі: «Рас, көп жұмсалады мұғалімдер. Бүгінгідей ғаламторы дамыған заманда, техниканы жетік білетін балалар өсіп келе жатқан қоғамда мұғалімге көбірек дайындалмаса болмайды. Әрине, сайлау науқандары секілді қоғамдық іс-шара азамат ретінде қатысқан дұрыс, десе де, зерек оқушыны одан әрі дамыту үшін уақыттың көп болғаны дұрыс».

Расында да, мектеп мұғалімі қазір қолында билігі бардың қолшоқпарындай. Анық мысал келтірейік. Былтыр Шымкенттегі логистикалық орталықта сақтауда тұрып, шіріп кеткен 4 мың тонна картоп-пияз мұғалімдерге айлыққа таратылды. Бір деңіз. Таяуда Бекжан базары өртенгенде өз ықыласы бойынша деген сылтаумен тағы да ұстаздың бір күндік айлығына күніміз түсті. Балан үйректі түйіңіз. Үшіншісі, Мақтаралда болған шу. Ол кезде мұғалімдер сабаққа дайындалудың орнына мектептің айналасындағы шөпті шауып, тазартқан болатын.

Ұстазы мықтының ұстамы мықты. №38 мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін Абай ағайды барлық бала жақсы көреді. Оқушымен күле сөйлесіп, тең дәрежеде әңгімелесетін оған шәкірттері еліктейді және құрмет тұтады. Жас мұғалімнің пікірінше, ұстаз мәртебесінің қаншалықты екені оның білімділігіне тәуелді. Айтуынша, білім саласында мұнан өзге де проблемалр жетерлік.

Абай ҚАЛШАБЕК, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: «Менің ойымша, ұстаздардағы ең үлкен проблема – қағазбастылық. Егер қағаз толтыратын сол уақытта мұғалімдер шығармашылық, ғылыми жұмыспен айналысса, ұстаз білікті бола түсер еді деп ойлаймын. Басты мәселе осы. Ал жалақы мәселесі осы сықылды түйткілдердің ішіндегі 3-ші, 4-шісі болуы мүмкін».

Жалақы мәселесі бойынша құрметті ұстаздарымыз сыр бөлісуді жөн көрмеді. Десе де, жалақының жоғарылауын іштей қалайтыны аңғарылады. Ұстаздарымыз- кім кәсібін сүйсе, оны жалақы қызықтырмайды деп ағынан жарылды. Әрине, ұстазсыз шәкірт тұл. Ендеше, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nq-d7QPkT5I[/youtube]