Мегаполистерде автотұрақ мәселесін қалай шешуге болады?

21

Елімізде тұрақ орындарының жетіспеушілік мәселесі қарқын алуда. Автокөлік жүргізушілері көлікті тыйым салынған жерде қалдыруға мәжбүр. Өйткені автотұрақтарда орын жоқ. Мәселені шешу үшін тұрғын үй салу бойынша жаңа стандарттар енгізілуде. Онда әр пәтерге кемінде бір автотұрақ орнымен қамтамасыз ету талап етіледі. Ал сарапшылар не дейді?

Шымкенттік жүргізуші Бахтияр Атамұратов күн сайын бір мәселемен қайта-қайта бетпе-бет келетінін айтады. Сөзінше, қалада көлік қоятын жер жоқ. Ол жыл сайын көшелерде көлік саны көбейіп, әсіресе орталық аумақта тұрақ үшін бос орын табу мүмкін емес дейді.

Бахтияр Атамұратов, жүргізуші: «Барлығы толып қалған, орын жоқ, көлікті қоятын жер таппайсың. Көшені жағалай қояйын десең, барлық жерде камера. Кейде керек жерден өте алыс аумаққа қоюға тура келеді».

Бұл мәселені шешу үшін жаңа талап енгізілуде. Яғни тұрғын үйлерді салу кезінде әр пәтерге тиесілі кемінде бір тұрақ орны болуы қажет. Әзірге мұндай стандарт Алматыға қатысты. Бұл бастаманы автосарапшылар қолдап отыр. Олардың айтуынша, құрылыс компанияларының барлығы бірдей көлік тұрағын елей бермейді.

Арсен Шакуов, Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті: «Бұл адамдардың ашкөздігі, олар одан да сол жерге кеңсе салып, оны жалға бергенді дұрыс көреді. Жалпы Алматыда немесе Астанада жаңа тұрғын үй салу кезінде төрт деңгейлі 2 қабатты төмен, 2 қабатты жоғары тұрақ кеңістігін салудың міндетті шарттарын енгізу туралы заңнаманы қолға алса жақсы болар еді».

Құрылыс саласының сарапшылары қазірдің өзінде салынған үйлерде тұрақ орындарын жасау екіталай дейді. Алайда, құрылыс кезеңінде тұрған жобаларда бұл мүмкін. Құрылысшылар тұрғындардың заманауи талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін паркингтерді алдын-ала қамтамасыз ете алады.

Николай Исаев, ҚР Еңбек сіңірген құрылысшысы: «Автотұрақтарды нөлдік қабатқа, екі-үш деңгейге ауыстыру арқылы ішінара шешуге болады. Бұрынғы посткеңестік кеңістіктегі қалаларда мұндай тұрақтар салынуда, сонымен қатар көпқабатты гараждар салу керек. Мен Барнаулда болдым, онда тіпті 5-6 қабатты гараждар бар».

Тұрақ орындарының жетіспеушілігін шешу құрылыс салушылардан да, қала билігінен де кешенді тәсілді қажет етеді. Сонымен қатар, сарапшылар адамдарды жеке көліктен қоғамдық көлікке ауыстыруға ынталандыруды ұсынды.