Қайнарбұлақта тұрғындар газға қосылу үшін не істеу керек? 

22

Қайнарбұлақ елдімекенінде табиғи газға қосу мәселесі бойынша тұрғындар мен жауаптылар кездесті. Көгілдір отынның игілігіне қол жеткізе алмай отырған тұрғын алап жұртшылығына қайткенде ғана газ берілетіні айтылды. Сондай-ақ тұрғындардың дайындығы мен техникалық талаптарды сақтаудың неліктен маңызды екені түсіндірілді. 

Қайнарбұлақ елдімекеніне осыдан бір ай бұрын табиғи газ жетті. Алайда, тұрғындар келген газға әлі қосылмадық дейді. Газ бойынша мердігер компания өкілдері мен газбен жабдықтау ұйымының мамандары тұрғын алап жұртшылығымен кездесіп, түйіткілдің түйінін тарқатты.

Светлана Усачева, «Газ Сервис Юг» ұйымының қаржы директоры: «Әр отбасы үшін газдың болуы, әсіресе қыс кезінде, өте маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бірақ жағдайды толық түсіну қажет. Қазір құбырларда газ бар, елдімекенде сол жақтағы жұмыстар толық бітті. Үйлерді газға қосу үшін екі негізгі талап бар: әр үйде газ плитасы мен жылытқыш жүйе болуы керек. Егер олар болмаса, үйлер газға қосылмайды. Үйлер дайын болғанда, біз апта сайын 10-15 үйді қосып отырамыз».

Қауіпсіздік пен сапаға баса назар аударылады. Газға қоспастан бұрын мамандар құбырлардың тығыздығынан бастап, іштегі қондырғының жағдайын ұңғыл-шұңғылына дейін тексереді екен. Мұндай тәсіл қауіпсіз газдандыруға кепілдік береді дейді олар.

Елдар Қуандықов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бөлім басшысының орынбасары: «Қайнарбұлақ елдімекенінде қазіргі таңда газ кіргізіп жатқан 5-6 мердігер мекеме бар. Біз олармен бірге халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің тарапымыздан тұрғын үйлерді құжаттамаға сәйкес, қауіпсіздікке тексереміз. Егер талаптарға сәйкес болса табиғи газға қосамыз».

Қазір Қайнарбұлақта 400-ге жуық шаңырақ газға қосылыпты. Мердігерлер мен газ мамандары жергілікті тұрғындар жаңа жыл мерекесінде көгілдір отынға қол жеткізіп, жылу мен жайлылықта мейрамды қарсы алады деп үміттенеді. Мұнда түсіну керек дүние, газ желісі тартылып қойыпты. Енді барлығы тұрғындар мен мердігерлердің өзара әрекет жасауына байланысты болып отыр екен.