Шымкентте газ қызметкерлері құбырдағы ақауды жедел қалпына келтірді

338

Шымкентте газ құбырындағы ақаудан соң көгілдір отынсыз қалған абоненттерді газға қайта қосу жұмыстары толық аяқталды.

Айта кетсек, 3 ақпанда кешкі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ апаттық-диспетчерлік қызметіне Шымкент қаласының Мәртөбе елдімекеніндегі  Ақдала көшесінде газдың иісі шығып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Газ құбырындағы ақау дереу анықталып, оны жедел қалпына келтіру жұмыстары түні бойы жүргізілді. Тұтынушыларды газға қайта қосу жұмыстары 4 ақпан күні таңертең толығымен аяқталды.

«ҚазТрансГаз» мекемесінің хабарлауынша,  кеше диаметрі 325 мм жоғары қысымды жерасты газ құбырында газдың ауаға тарап жатқаны анықталды (газ құбыры 1970 жылдары пайдалануға берілген). Қауіпсіздік мақсатында және апатты жою үшін жеке сектордың 1 450 тұтынушысы, 7 өнеркәсіптік кәсіпорын және  12 коммуналдық-тұрмыстық объекті газдан шұғыл жүйесінен ажыратылды.
Апатты жағдайды жоюға және газды қайта қосу жұмыстарына «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШПФ, «Шымкент» МГҚ «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС тарапынан 40 адам, сондай-ақ 5 арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, газ құбырындағы бұл жағдай жақында болған жер сілкінісі салдарынан пайда болды. Бұған дейін де осындай жағдай Қайнар ауылының маңындағы орта қысымды жерасты газ құбырында тіркелген болатын.
Өз кезегінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-мен бірлесіп өткен жер сілкінісінен кейін 23 қаңтардан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын газ құбырларын тексеріп келеді. Бұл жұмыстар үшін  «ДЛС-Пергам» мобильді зертханасы қолданылады.

(Фото: «ҚазТрансГаз» АҚ)