Қаржылық сауаттылық: Шымкенттік оқушылар арасында өткен байқау мәресіне жетті

21

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық сауаттылық бойынша оқушылар арасында өткен байқаудың қорытындысын жариялады. Жарысқа қатысушылар қаржылық пирамидалардан сақтану, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қарызға батудың мәселелері мен лудомания тақырыптары бойынша бейнероликтер дайындаған. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы сыйлықтарға ие болды. 

Шымкент қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық сауаттылық бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткен байқаудың қорытындысын жариялады. Азиза Саипова дайындаған бұл бейнероликте алаяқтық мәселесі көтерілген. Оқушы қылмыскерлер қолданатын танымал алаяқтық схемалары мен мұндай жағдайлардан қалай сақтануға болатынын айтып өткен. Ұсыныстар арасында белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға абай болу, жеке ақпарат пен банк деректерін үшінші тұлғаларға бермеу сияқты кеңестер бар.

Азизаның жұмысы алаяқтықпен күреске тигізетін практикалық пайдасы үшін жоғары бағаланып, бірінші орынға ие болды. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде өткен марапаттау салтанатында оқушы қызға теледидар табысталды.

Азиза Саипова, № 66 мектептің оқушысы: «Ақша бойынша қандай қылмыстық оқиғалар болып жатыр және қаржылық сауаттылық дегеніміз не, оның ережелері қандай, қалай біз ақшамызды, бюджетімізді дұрыс жұмсап, дұрыс жоспарлап үйрену қажеттігіне дем қойдым. Қаржылық сауаттылық екінің бірі біле бермейтін тақырып. Сондықтан оны тереңінен үйренуді ұсынғым келеді»

Айта кетейік, байқаудың мақсаты екі минуттық бейнероликтер арқылы қаржылық пирамидалардан сақтану, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, қарызға батудың мәселелері мен лудомания тақырыптарын ашып көрсету. Қаланың 16 мектебінің оқушылары қатысқан жарыс жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік негіздеріне үйретуді көздейді.

Дәурен Тұрғынбай, Шымкент қ. Экономикалық тергеу департаменті басқарма басшысының м. а.: «Біз балалар арқылы ата-аналарына, тума-туысқандарына әсер етуді көздедік.  Байқауды 28 қараша мен 8 желтоқсан аралығында жарияладық. Басты талап қаржылық сауаттылық негіздерін ашу, қаржыны үнемдеу, дұрыс жұмсау, қаржының мәдениетін үйрену»

Айта кетсек, байқаудың екінші орын иегері №135 орта мектеп оқушысына бұйырып, оған ноутбук табысталды. Ал жүлделі үшінші орынды иемденген №133 орта мектеп оқушысы планшетке ие болды.