Шымкенттік әйел қан қысымын түсіру үшін куркума қосылған сірке суын ішіп, өлім аузынан қалды

160
фото Б.Позиловтың парақшасынан алынды

53 жастағы әйел қан қысымын дәстүрлі әдістермен төмендетуге тырысып, ғаламтордан оңай рецепт тауып, куркума мен алма сірке суын ішіп, өліп қала жаздады. Дәрігерлер ажалмен арпалысып, өлім аузында жатқан әйелді әрең дегенде аман алып қалды. Бұл туралы Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Өзін-өзі емдеу ауыр зардаптарға әкеп соққан. Науқаста анафилактикалық шок пайда болып, өте ауыр жағдайда шұғыл ауруханаға жатқызылды.

«53 жасар әйел қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерге сүйеніп, «куркума» мен «алма сірке суын»  ішкен. Нәтижесінде, анафилактикалық шокқа түсіп, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Диагнозы: Лайелла синдромы – аллергиялық буллёзды дерматиттің ең ауыр түрі. Науқас 2 күн бойы өте ауыр жағдайда жатты, бүгін ғана есін жинады. Құрметті достар, халықтық емдеу әдістері кейде тиімсіз болып, денсаулығыңызға үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар…», — деп жазды бас дәрігер.