«Давлениеңіз» қанша?

2912

Көзіңіз қарауытып, басыңыз айнала ма? Бойыңызды әлсіздік билеп, құлағыңыз шыңылдай ма? Ендеше уақыт оздырмай қан қысымыңызды өлшетіңіз. Мұның барлығы да қан тамыры қысымының өзгерісінің белгілері болуы әбден мүмкін.

ҚАН ҚЫСЫМЫ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ!

Шымкент қалалық №2 емхананың терапевт-дәрігері Элмира Байжұмақызының айтуынша, қан тамырының қысымы – ең көп тараған сырқаттың бірі. Елімізде әрбір оныншы адам қан қысымынан қиналады екен. Әсіресе, бұл жасы 60-тан асқандарға және жүкті әйелдерге үйір. Десе де соңғы жылдары қан қысымының белгілері жастарда да жиі кездеседі. Оның себебі – адамдардың салауатты өмір салтын ұстанбауында.

– Қан тамырлары қысымының екі түрі бар. Біріншісі – жоғары қан қысымы. Яғни, гипертония. Екіншісі – төменгі қан қысымы. Оны медицинада – гипотония деп атайды. Дәрігерлік тәжірибемде қан қысымы жоғары науқастарды жиі кездестіремін. Ал төменгі қан қысымымен келетіндер аз. Ендібіреулері қан қысымының төмен екенін де білмей жүре береді. Дегенмен, қан қысымы республика бойынша адам өліміне әкеп соқтыратын аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Сондықтан да бұған немқұрайлы қарауға болмайды,-дейді Элмира Байжұмақызы.

Оның айтуынша, қан қысымының жасаруына жастардың:
– спортпен шұғылданбауы;
– аз қимылдауы;
– бір орында көп отыруы;
– бас көтермей көп жатуы себеп болады.
Майлы, ащы тағамдарды пайдалану да қан қысымының өзгеруіне әкеп соғады екен.

ҚАЛЫПТЫ ҚЫСЫМ 120/80

Дәрігердің сөзінше, қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша – 120/80 болуы керек. Егер тонометр тілі 130/90 асса қан қысымының жоғарылағаны. Жоғары қан қысымының ең жиі кездесетіні артериалды гипертензия.

– Статистикаға көз жүгіртсек, орта жастағылардың 25%, 65 жастан асқандардың 65%-да артериалды қан қысымы кездеседі. Артериалды гипертензия:
1. Қан тамырлары ырғағының бұзылуынан;
2. Бүйрек ауруынан;
3. Гормоналды өзгерістен;
4. Алкогольден;
5. Дәрі-дәрмектен;
6. Ас-ауқаттан;
7. Арқаның ауруынан да туындауы мүмкін.
Егер:
– Бастың желке тұсы ауыруы (1) таңертең ұйқыдан оянғанда;
2) эмоционалдық қиналған кезде; 3) кешке қарай) ;
– Бас айналуы;
– Көз алды қарауытуы;
– Ұйқының бұзылуы;
– Мазасыздану;
– Көру қабілетінің нашарлауы;
–Жүрек тұсында ауырсыну байқалса қан қысымын өлшеу керек. Қан қысымын өлшемей ауруды анықтау мүмкін емес. Егер қан қысымы 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 дейін көтерілсе бұл қан қысымының екінші және үшінші сатысы. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады, – дейді дәрігер.

Кейіпкеріміз 75 жастағы Ермек Шамшаевтың қан қысымы жоғары. Он шақты жылдан бері учаскелік дәрігердің қатаң бақылауындағы кейіпкеріміз үзбей дәрі-дәрмек ішеді. Айтуынша, дәрісін дәрігердің рецепті бойынша тегін алып келеді. Жылына екі рет міндетті түрде тексерістен өтіп тұрады. Дегенмен ол «күн ысығанда қан қысымының көтеріліп, жүрегіне әжептеуір күш түсетінін сеземін» дейді. Мұндайда дәрі-дәрмектен бөлек, көк шайдың да көмегі тиеді екен.
Білгеніміз – қан қысымының қай сатысын алып қарастырсақ та, «давление» адам ағзасындағы қан айналымының бұзылуынан, жүрек қан тамырларының тартылып, жіңішкеруінен, қанның қоюлануынан туындайды. Бұған жас ерекшелік те, артық салмақ та әсер етеді.
Сондықтан да мамандар көп қимылдап, көп жүріп-тұруы керегін айтады. №2 емхананың кардиологы Гүлнар Ажбенованың сөзінше, адам қимылдаған сайын оның ішкі энергия-сы да қуаттанып, іске қосылады.
– Әр адамның өз денесіне сай қан қысымы бар. Бірақ 140-тан асқанда дәрігерге қаралып, ем жүргізуді бас-тау керек. Мұндай қан қысымымен тіркелген адамды дәрігер үш айдан алты ай аралығында бақылауға алып, ем жүргізеді. Ал дәрігердің тіркеуінде тұрмайтын адамдар үшін емханаларда скрининг тестер жасалады. Адамдар екі жылда бір рет келіп, скрининг тестен өтіп, уақытылы анализ тапсырса, дәрігер аурудың алдын алады. Яғни, холестерин мен қанттың қан құрамында қалыпты болуын қадағалаймыз,- дейді кардиолог.

ҚАН ҚЫСЫМЫ ТӨМЕНДЕСЕ…

Қан қысымының жоғарылауы туралы жиі сөз қозғалғанымен, төмендеуі жайында аз айтылады. Өйткені қан қысымының төмендеуі сирек кездеседі. Дегенмен бұл дертті де назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Егер әйел адамның қалыпты қан қысымы – 95/60-тан, ал ер адамда – 100/95-тен төмендесе, бұл «гипотония», яғни қан қысымының төмендеуі болып есептеледі. Бірақ, көп жағдайда адамдар қан қысымының төмендегенін білмей жүре береді. Бұл өте қауіпті. Себебі, бас миы қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмейді, салдарынан ми мен ішкі ағзаларға оттегі жетіспейді,- дейді кардиолог Гүлнар Ажбенова.
Артериалды гипотониямен ерлерге қарағанда, көбіне әйелдер ауырады екен. Көп жағдайда мұндай дерт белгісі 20-40 жас аралығында белгілі болады. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда да физикалық белсенділіктің аздығы аурудың бас көтеруіне себеп болады.
Кейіпкеріміз Мейрамгүл Сүлейменованың қан қысыма төмен. Айтуынша, кейде 40/20-ға дейін төмендейді. Мұндайда ол өзін өте нашар сезінеді. Өкініштісі, қан қысымы төмен екенін біле тұра кейіпкеріміз дәрігердің бақылауында тұрмайды. Дәрігерге баруға оның жұмыстан қолы босамайды. Сөзінше, қайнаған суға бал мен қант қосып ішіп алса, жағдайы жақсарады. Сөйтіп, қайта жұмысын істеп жүре береді.
Дәрігерлер кейіпкеріміздің жағдайы қауіпті екенін айтады. Сақтанбаса соңы қайғылы аяқталуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай жағдайдың алдын алуға қан айналымы жүйесін абайлап жаттықтыру шаралары көмектеседі: спорттық жаттығулар, салқын душ, көбірек су ішу. Осындай жеңіл шараларды үнемі қолданып отыру керек.

– Қан қысымы төмен адамдардың ұйқысы тәулігіне 7-8 сағаттан кем болмауы керек. Гипотониктер үшін ұйқы – ең жақсы дәрі. Ұйқысы қанбаған кезде олар ашуланшақ, ызақор, енжар ғана болып қоймай, жиі есінен танады. Төсектен тұрған уақытта біртіндеп, асықпай көтерілген дұрыс. Алдымен жатқан қалпыңызда керіліп, мұнан кейін біраз отырып алып, сосын тұру керек. Ал таңертеңгі жаттығуды төсекте жатып жасауға болады. Сондай-ақ, қан қысымы төмен адамдар үшін тамақтанудың да маңызы зор. Олар аз-аздан жиі тамақтануы қажет. Шамадан тыс тамақтану гипотония дертін қоздырады. Себебі қанның барлығы ішке қарай ағады да, бастың қан тамырларына қорек жетіспей қалады. Сондықтан күніне 5-6 рет тамақтанған дұрыс,- дейді терапевт Элмира Байжұмақызы.
Сонымен қатар қан қысымы ауруының алдын алудың бірден бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат жаяу жүріп, серуен құру. Бірқалыпты жүріспен 500 метр болсын жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы.
Инфаркт, инсульт, қант диабеті. Денсаулығыңызға жауапсыз қараудың соңы осыған әкеп соғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әлемде жыл сайын инсульттан 12 млн адам бақилық болса, Ресейде 1 млн 300 мың адам көз жұмады. Қазақстанның 100 мың тұрғынына шаққанда 180 адам осы ауруға шалдыққан. Сондықтан да денсаулыққа немқұрайлы қарамай, қан қысымыңызды бақылауда ұстаңыз!

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №30, 24 шілде 2019 ж