109 орталығына күніне 1,5 мың қоңырау түседі

26
ОТЫРАР

Шымкентте тәулік бойы жұмыс істейтін маңызды қызметтердің бірі — 109 ситуациялық орталығы. Қала тұрғындары жарық, су, жол мәселесінен бастап, тұрмыстық проблемаларына дейін айтып, осы нөмірге хабарласады. Мұндағы мамандар әр қоңырауға мұқият жауап беріп, мәселені тез шешуге тырысады. 

Мегаполистегі бұл орталық тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне мұнда 1500-нан астам қоңырау түседі. Жұртшылық арасында «Айкөмек» деп аталып кеткен 109-ға тұрғындар коммуналдық мәселелер немесе көше жарығы үшін ғана қоңырау шалмайды. Шымкенттіктер өміріндегі барлық “проблемаларымен” бөліседі екен. Қызығы сол – сүйгеніне қосыла алмаған жандардың да осында хабарласып, кеңес сұрауы қалыпты жағдайға айналыпты.

Зания Қаражанова, Ситуациялық орталық қызметкері: «Қызымен ұрысып қалса да хабарласады. Қызым тастап кетті дейді. Тұрғынның жағдайына қарап сөйлеседі психологтар. Психологиялық қиын жағдайда болса, кеңестер береді. Бізге көп хабарласады. Келіншегіммен ажырасып кеттім, бала- шағамды көрсетпей жатыр деген сауалнамалар өте көп түседі»

Орталық мамандары тұрғындардың шағымдарын жауапты басқармаларға жолдап, шешімін табуға көмектеседі. 109-ға өтініш қалдырып, проблемасын айтқандардың бірі – Жанат Қайруллаева. Зейнеткердің айтқан шағымы бүгінде өз шешімін тапқан.

Жанат Қайруллаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тастары сынып қалған, тас төселмеген, қиқым болып жататын. Жүре алмайтынбыз. Қиын болатын бізге. Қазір жақсы болып, арызымыз орындалды. 109-ға рақметімізді айтамыз. Бұдан да жақсы жұмыс орындап, халықтық тапсырмаларын орындай берсе дейміз»

Айта кетейік, былтыр ситуациялық орталыққа 306 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның 98 пайызға жуығы оң шешімін тапқан.