Түркістан облысындағы бірыңғай байланыс орталығына 100 мыңға жуық адам хабарласқан

19

Түркістанда биыл бірыңғай байланыс орталығына 100 мың адам хабарласқан. Олардың басым бөлігі электр жарығының тапшылығы, жол, қоқыс мәселесін көтеріпті. Түркістан қаласы мен Созақ ауданында арызданушылар шағымы толықтай орындалды. Ал кей аудандарда өтінімдер жауабы кешіктірілген. Соған байланысты өңір басшысы мамандарға тапсырма берді. 

109 бірыңғай байланыс орталығы Түркістан облысы бойынша тұрғындардың кез-келген арыз-шағымын қабылдайды. Ал бұған дейін мекеме тек Түркістан мен Кентау қаласында ғана жұмыс істеп келген болатын. Биыл жыл басталғалы 100 мыңға тарта тұрғын хабарласып өз мәселесін шешкен.

Әсет Абдраханов, Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы: «Қазір бірыңғай байланыс орталығы бүкіл ауданға орталықтандырылды. Созақ пен Түркістан қаласында мәселе 100 пайыз уақытында шешілген».

Call орталыққа хабарласатын тұрғындардың шағымына мониторинг жасалған. Келіп түскен өтініштің 50 пайызы электр жарығына тиесілі. Сонымен қатар ауыз су, жол құрылысы, қоқысқа байланысты арыз білдірушілер саны басым. Сондықтан өңір басшысы жауапты мамандарға мәселені дер кезінше шешуге тапсырма берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мобильді топтар құрып, әр кезең сайын тексеру жүргізген дұрыс. Аудандардағы қоқыстар мен саябақтарды бақылауға алу керек. Олқылықтарды жөндеңіздер. Егер тағы да қайталанса, шара қолданамыз».

«Цифрлық даму орталығы» тарапынан 109 байланыс орталығына келіп түсетін өтінімдерді бақылау бойынша мобильді топ құрылды. Олар биыл 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Бәйдібек, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарына арнайы тексеріс жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады.