Колледждер мен ЖОО студенттерінің стипендия мөлшері артады

24
фото Отыра.кз

Еліміздегі студенттер үшін қуанышты жаңалық! Биыл студенттердің стипендиясы айтарлықтай өседі. Үкімет басындағылар 2020 жылдан бастап шәкіратқыны көбейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүріп жатқанын айтты.

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждер мен ЖОО студенттерінің стипендиясы өседі. Шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға көбеймек. Мұны Үкіметінің Баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Баспасөз қызметі: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап стипендияны көбейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖОО мен колледж студенттерінің стипендиясы екі есеге, магистранттар мен докторанттар үшін 1,75 есеге өседі»

Бұл жаңалықты естіген студенттердің қуанышында шек жоқ. Солардың бірі 17 жастағы Бақберген Тасқұлов. 1 курс студенті стипендия көлемінің өсуі олардың күнделікті шығындарын жабуға, сапалы білім алуға және қосымша ресурстарға қол жеткізуіне көмектесетінін айтады.

Бақберген Тасқұлов, 1 курс студенті: «Қазір біз 47 мың теңге алып жатсақ, қыркүйектен бастап 52 мың теңгедей алады екенбіз. Енді оған мен қосымша курстарға жазылып, орыс тілі, ағылшын тілдерін дамытсам деп жатырмын. Не болса да жеткізуге әрекет етіп жатырмыз. Шәкіртақы жолға, тамақ ішуге жетеді. Ал қалғандарына өзің табуға әрекет жасайсың ғой»

Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкентте 83 600 студент жоғары оқу орындарында білім алады. Олардың 17 мыңнан астамы грантта оқып, мемлекеттен шәкіратқы алады екен.