Үйде газ жарылып, бір отбасының үш адамы қаза тапты

28

Етегі жасқа толған Нұрила Тұрабаева бір аптадан бері ес жия алмай жүр. Жігерген ауылында тұратын 40 жастағы ұлының үйінде газ жарылып, бір сәтте немерелері мен перзентінен айырылды. Айтуынша, бұған дейін көмірмен жан баққан жанұя бірнеше ай бұрын ғана үйіне газ кіргізіпті. Бірақ отбасыны жылытқан иран пешінен ақау шыққан дейді.

«Газды кіргізгеніне 3-4-ақ ай болды ғой. Мама тым болмаса ел қатарлы екі бөлмені жылытып отырайын деп жазда келгенде өтініш жазып бергенмін. Сол каминь пеш қойып отырған екен ғой. Көргендердің айтысы газ атылғанда бүкіл осы үйде қанша бөлме бар соның барлығының әйнегін сындырып жіберген ғой. Мына жерде жанып жатқан дүниені, үйді алып қаламыз деп оттың ішінде жүре беріпті ғой» дейді марқұмның анасы Нұрила Тұрабаева.

Балқашта жұмыс істейтін Дәулет Тұрабаев Жаңа жылдық демалысқа үйіне келген екен. Жетінші қаңтарда денсаулығы сыр беріп жүрген жұбайы мен екі қызын қалаға емделуге жіберіпті. Өзі 13,12 және 5 жастағы ұлдарымен қалған дейді әйелі. Пеші бар бөлмеде жігіт ағасының қасында екі баласы, келесі бөлмеде ортаншы ұлы ұйықтап жатқан. Сол сәтте дүмпу болған. Қатты күйіп қалған төрт науқастың үшеуі ауруханада көз жұмды. Тек 12 жастағы жеткіншек қана аман қалыпты.

«Азанда звондап тұр ғой алтыда. Дина қайтшы газ жарылды. Мен күйіп қалдым. Балалар аман деді. Кейін қайтадан звондап едім қайын ағам алды. Келін оларды жедел жәрдеммен ауруханаға әкетіп жатыр. Сол жаққа бара бер деді. Жедел жәрдеммен бірдей бардық Қазығұртқа. Екі баламды көрдім. Екеуі де түгел күйіп қалған. Үлкен балам мама бізде бәрі жақсы болмашы жарақат қой жазылып кетеміз деді», -дейді  марқұмның жұбайы Динара Әшірова.

Төтеншеліктердің болжамы бойынша жарылыс табиғи газға жалғанған пештегі газ-ауа қоспасынан болған.

«Аудан әкімшілігі тарапынан зардап шеккен азаматтарға 1 млн. 585 теңге төңірегінде қаржылай ақша аударылып беріледі жақын күндері» дейді Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Аян Көшкінбай.

Күйеуі мен екі баласынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан әйел жарылыс болған екі бөлмелі үйде тұрып жатыр. Терезесі жоқ баспананың ішін көршілері әктеп берген екен.