Қазір көп адам көп нәрсеге таңғалмайтын заман болды. Өйткені әлеуметтік желі жарқ-жұрқ жарияланымдарымен соған үйретіп тастады. Дегенмен Шымкенттен шыққан маймыл желіні жарып, қолданушыларды тамсандыруда. Қолға үйретілген жануардың қылықтары көп болғандықтан көпшілік көрермен оны белсенді қызықтап жүр. Жануар заты адам баласына қаншалықты бейімделген?
Бұл маймылды желі қолданушылары жақсы таныса керек. Қолға үйретілген жануардың қылықтары көпті қызықтырып, видеолары миллиондаған қаралым жинаған. Примат иесі цирк өнерпазы болғандықтан, аң баласын адам баласына бейімдеп тәрбиелепті. Нәтижесінде, жас маймыл бүгінде асыраушысынан екі еліге де ажырамайды. Есесіне екеуі бірге таксилетіп табыс табады, той-томалаққа да бірге шығады.
Еркебұлан Егембердиев тіпті жатарда да жаныма алып жатам дейді. Жұбы жазылмайтын жандардың влогтарын көретін көрермендер маймылға «не шықса да Шымкенттен шығады» деп, шымкенттік маймыл деген атау берген. Сәйкесінше, желіні жарып жүрген маймыл осыдан 3 жыл бұрын Шымшаһарда туылыпты. Өз кезегінде жануардың иесі жас маймылды ешкінің сүтін беріп жетілдіргенін айтады.
Еркебұлан Егембердиев, маймыл иесі: «Негізі бірге (маймылмен) таксилетіп жүрген видеоларымыз желіде қаралым жинап бастады. Сондықтан да бұл маймылдың атын да, өзін де танытқан сол бір такси видеолары деп айтуға болады. Маймылдың қорегін айтар болсам, ол банан емес, ет жегенді жақсы көреді».
Ет жейтін маймыл қазақша да түсінеді екен. Себебі иесі қазақша нұсқау береді. Ал қазақ әніне делебесі қозып билейтіні өз алдына бөлек әңгіме. Қалада желіде жұлдыз болған маймылды танитындар көп. Кезіктірсе суретке түсуге асық болады екен. Көбіне МАИ қызметкерлері танып жатады дейді примат асыраушысы. Ал ең бастысы, маймыл әрдайым бір кісідей көліктің алдына отырады.
Бұл маймылдың түрі «макак резус» деп аталады. Маманның айтуынша, жануар қолға үйретілгенімен өсе келе агрессияға жол беруі мүмкін. Себебі зообақта бұл тәжірибе бірнеше рет қайталанған екен. Жастай туылған шағынан әкетіп, кейін қолдан шығып безерлікке салғанда қайтып әкеп тастайтындар жетерлік дейді примат бөлімінің меңгерушісі.
Меруерт Елубаева, Зообақта примат бөлімінің меңгерушісі: «Мұның қазіргі жағдайы өте тамаша деп ойлаймын. Бірақ өсе келе бәрібір де агрессия пайда болуы мүмкін. Енді осы уақытқа дейін көп адамды көрдім қолға асыраған. Жануар алып асыраудың өзі үлкен жауапкершілік. Жақсылап қарау керек».
Жануар кісіден қаймықпағанымен тек иесінің ғана бұйрығын орындайды. Және оны басқалардан қатты қызғанады да екен. Себебі қашан да қасынан қалдырмай көңіл бөлген, жеген асын бөліп берген жан ғана сеніміне кірген бәлкім. Еркебұлан Егембердиев жақында жұмыс бабымен Түркияға жол жүруді жоспарлап отырғанын және маймылын өзімен бірге алып кететінін айтады. Енді қос шымкенттік сонау Түрік елінен көрермендеріне контент жүктейтін болады.