Шымкент қаласы бойынша МӘМС есебінен былтыр 1500-ға жуық жоғары технологиялық қызмет көрсетілген. Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық сынды күрделі операцияларға бағытталған.
Медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыстар туралы ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлім етті.
-Қор МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражатты ай сайын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде азаматтарға медициналық ұйымдар көрсеткен медициналық көмек үшін төлем ретінде жіберіп отырады. 2024 жылы қаланың денсаулық сақтау саласының бюджеті 134,2 млрд теңгені құрады. Емдеу мекемелері 61,7 млрд теңге — МӘМС, 72,5 млрд теңге қаражат ТМККК аясында қаржыландырылған,-деді Қор филиалы директорының орынбасары.
Шығындардың басым бөлігін стационарлық медициналық көмек құрайды. Білікті дәрігерлер құрамы өткен жылы 1 жүрек, 2 бауыр және 10 бүйрек трансплантациясын жүргізген. Күрделі ота шығындары МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылады. Сондай ақ, Шымкент жүрек орталығында соңғы 5 жыл ішінде МӘМС жүйесі есебінен 20-ға жуық науқасқа жасанды жүрек отасы жасалған.