Шымкентте атышулы сот ісіне нүкте қойылды. Экс-судья 7 жылға түрмеге тоғытылды. Ол алаяқтық, бөтеннің аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Экс-судья 7 жыл 6 айға сотталды. Сот оны 110 млн. теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыптап, бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот өз сөзінде, экс-судьяның лауазымына кір келтіргенін және кінәсін мойындамағанын, судья антына адал болмағанын алға тартты.
Әбинұр Қарабаев, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен қарастырылған құқықбұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын!»
Қылмыстық істе 3 айыпталушы бар. Сотталушының бірі танысының әйеліне, оның күйеуіне жеңіл жаза, яғни «бас бостандығынан айырмайтын» жазаны тағайындауға көмектесуге уәде берген. Ол кінәсін мойындады. Сот оған қатысты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Ол енді 7 жыл адвокат болып қызмет ете алмайды.
Әбинұр Қарабаев, Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сотталушы Д.-ға адвокаттың қызметімен айналысуға 7 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Пара беруге азғыру бойынша тағылған айыппен Д., А. және М. ақталды, өйткені сотталушылар пара берушіні пара беруге азғырмады, ақшаны беруі К.-ның бастамасы бойынша болған«.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.