«Жұмыссыз қалмайды»: Басқарма басшысы түсінік берді

4
ОТЫРАР

Қоғамдық көліктегі бақылау жүйесі жаңарды. Дегенмен, диспетчерлік қызмет орталығының мамандары табыссыз қалмайды! Оларға «Автобус» компаниясы жаңа жұмыс орнын ұсынады. Бұл өзгерістің басты себебі – қоғамдық көліктердегі жол ақысын бақылау жүйесін біріздендіру. Яғни, бұдан былай жолаушылардың жол ақысын тексеретін жалғыз мекеме – «Автобус» компаниясы болмақ.

Шымкенттегі диспетчерлік қызмет орталығының бір бөлімі жекенің балансына өтпек. Енді өзгенің меншігіне өткен бөлімде еңбек еткен 25 адам «жұмыссыз қаламыз ба?» алаңдап отыр. Уайым шегіп отырғандардың қатарында жалғыз басты және көп балалы аналар да бар.

Наргиза Мұратова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кәмелет жасына толмаған 4 бала-шағам бар. Арқа сүйер азаматым жоқ. Осы мемлекеттен шамалы көмек аламын. Мемлекеттік қызмет орны болған соң. Жеке меншік компанияда жұмыс істегім келмейді. Осы жерден нәпақа тауып отырмын»

Ал жауапты басқарма басшысы қызметкерлердің алаңдауына еш негіз жоқ деп отыр. Мәселенің жай-жапсарын түсіндірген Ролан Ибрагимов ешкім жұмыссыз қалмайды дейді. Сөзінше жаңа мекеме диспечерлік орталықтан кеткен қызметкерлерлерді жұмыспен және жалақымен қамтиды.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Осы КРС службасында жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі халықты ызаландыруда. Осы жүйелердің бәрін қалыптастыру мақсатында көптеген өзгерістер еніп жатыр. Жалпы диспечерлік орталықтан кеткен қызметкерлердің барлығы «Автобус» мекемесіне барады. Ол жеке сектор болғаннан кейін, бізге қарағанда айлығы көптеу болады»

Яғни, бұдан былай жолаушылардың жолақысы мен автобустардың техникалық-санитарлық жағдайын тексеретін жалғыз мекеме – «Автобус» компаниясы болмақ. Бүгінде бұл жеке мекеме өз жұмысын бастап та кеткен.

Жомарт Камидоллин, «Smart Mobility» компаниясының директоры: «Қазіргі таңда 50 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Барлығы 2 ауысыммен жұмыс істейді. Қазіргі таңда ДҚО, әкімшілік тарапынан бізге тағы қызметкерлер беріліп жатыр. 26 қызметкерді келісім бойынша аламыз. Штатқа. Бұл қызметкерлер еңбек келісімшарты бойынша жұмысқа тұрады»

Қазір «Автобус» компаниясының бақылаушыларын қоғамдық көліктерден тұрақты түрде көруге болады. Егер сіздің қолыңызда төлем жүйесінің ескі картасы бар болса, дәл осы бақылаушыларға жүгініп, оны жаңа жүйенің су жаңа картасына тегін ауыстырып алсаңыз болады.

Гүлжамал Нұрсейітова, бақылаушы: «Біздегі аппараттар карталарды тіркейді. Оқушылар картасы, студенттер картасы, әлеуметтік карталарды тіркейміз. Екі аппаратпен жүреміз. Бізге мынадай карта береді. Осы карталарды тарқатамыз. Стандарт карталар бұлар. Тегін береміз»

Сонымен қатар, бақылаушылар жолаушылардың жолақысын төлеп-төлемегенін де тексеріп жүр. Бұзушылық анықталған жағдайда инспекторлар тұрғындарға әкімшілік шара көреді. Ескерте кетейік, егер тексеріс барысында жолақысын төлемегеніңіз анықталса, ешқандай ескертусіз 7000 теңге көлемінде айыппұл арқалайсыз.

Жаңа жүйеде енді жолақысын тек QR код арқылы емес, Bluetooth автобустың мемлекеттік номерін жазу арқылы да төлесеңіз болады. Жауаптылар мұндай цифрлық технология тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін ойластырылған дейді.

Жомарт Камидоллин, «Smart Mobility» компаниясының директоры:
«Бізде виртуальды тариф деген бар. Әр смартфоны бар адам «автобус» приложениясын жазып алып, қолданса болады»

Айта кетейік, бүгінде 30 мыңнан астам «Төлем» картасы жаңартылып үлгерген. Сондай ақ, 20 мыңға жуық «Автобус» компаниясының картасы таратылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды жалғаспақ.