Өзбекстан азаматы Хурсанд Шеров Тәшкенттен велосипедпен Мәскеуге сапарлап барады. Мақсаты да — ізгі. Ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатыспақ. Наурыздың 10-на жолға шыққан зейнеткер-спортшыны Тараз қаласында, Бауыржан Момышұлы ауылында құшақ жая қарсы алған. Қазақстандықтардың қошеметіне бөленген саяхатшы бүгін Шымкентке жетті.
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған ол велошеруімді бейбіт өмір сыйлаған батыр аталарымыз бен апаларымыздың құрметіне арнадым дейді. Бұл спорт түрімен айналысуға 2000 жылы жүрек ауруына шалдығуы себеп болыпты. Дертті жеңу мақсатында триатлон спортымен айналысуды бастаған. Әлемнің жартысын шарлаған өзбекстандық азамат сапары барысында қолдау көрсеткен қазақ бауырларын алғысы шексіз.
Хурсанд Шеров: «Мен Әлия Молдағұлованың туып өскен жерінде болып Мәскеуде 7 мамырда болуды жоспарлаудамын. Адамдардың қолдауымен Алла қаласа жетемін».
Шынар Оразова