Түркістанда ҚМДБ-ның Ислам институты ашылады

фото ТҚӘБҚ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдерімен кездесті. Басқосуда руханият саласындағы мәселелер қозғалды. Сонымен қатар шаһарда ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу, институттың жұмысын жүйелендіру бойынша Жол картасын әзірлеу, штаттық құрылымын жасақтау және бекіту, облыс көлеміндегі мешіт қызметкерлерінің біліктілігіне мониторинг жүргізу, қажеттілігіне қарай біліктілігін арттыру курстарын оқыту жолдары сараланды.
Облыс әкімінің орынбасары аталған орталықты ғылыми-зерттеу институты ретінде тіркеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Аталған институт биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдарының білімін жетілдіру көзделіп отыр.
Сонымен бірге тарихты, классикалық еңбектерді оқытып, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін арттыру жоспарланған. Мұнда дін ғұламалары мен теологтар дәріс береді.