Шымкент қаласы Әл Фараби ауданында 35 мыңнан аса көлік иесі бар. Олардың бес мыңға жуығы 2024 жылға арналған көлік салығын төлемеген. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, салық төлеушілердің берешегі 200 миллион теңгеге жеткен. Мамандар көлік салығы уақытылы төленбесе, өсім жүретінін ескертеді.
Айбар Қожабек, Әл Фараби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі: «Қазақстан Республикасының салық кодексіне сәйкес әр жылдың сәуір айына дейін көлік салығын төлеу міндеттелген. Салықты Каспи, Халық қосымшалары арқылы төлеуге болады. «Е-салық-Азамат» қосымшасы арқылы да төлеуге болады. Салықтарды уақытылы төлеген жағдайда өсімпұл жүрмейді».
Қожабектің айтуынша, ауданда 2024 жылдың көлік салығын 5 мыңға жуық адам төлемеген. Олардың мемлекетке берешегі 200 миллион теңгеге жеткен. Ол көлік салығын төлемегендер өсімпұл арқалайды, одан бөлек шара қолданылады дейді.
Айбар Қожабек, Әл Фараби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі: «Ол кісілерге күніне өсімпұл жүруде. 30 күн ішінде төлемеген жағдайда ол кісілерде төлемеген салықтары жеке сот орындаушыларына жіберілетін болады. Жеке сот орындаушыларына жіберілгеннен кейін жеке сот орындаушылары ол кісілердің салық сомасына байланысты банк шоттарын бұғаттайды. Іс жеке сот орындаушыларға өткен жағдайда жеке сот орындаушылар сол берешек сомасына байланысты 25 пайызға дейін қызмет ақысын алатын болады. Сондықтан барлық салық төлеушілерді уақытылы Қазақстан Республикасы Салық кодексіне сәйкес уақытылы төлеуге шақырамыз».
Көлік салығының сомасы 40 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болған жағдайда, көлік иесіне Қазақстан Республикасының шекарасынан шығуға тыйым салынады.