Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Мосуноваға медициналық көмек көрсетілді. «Ардағым — ардагерім» акциясы аясында қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, зейнеткердің үйіне барып жағдайын біліп қайтты. Сондай-ақ, түрлі сала бойынша дәрігерлер толық тексерістен өткізіп, денсаулығының мығым екендігіне көз жеткізді.
Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Мосунова 101 жаста. Ол, Татарстанның Урустамак елді мекенінде дүниеге келген. Майдангер әжей, сұрапыл соғысқа 1942 жылы Ресей қаласынан аттанып, радист болған. Мұнан соң, 1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа пулеметші болып барады. Осы ерен ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде қарт әжені немересі бағып, қарап отыр. Оның айтуынша, соғыс жылдарындағы естеліктерін әлі де ұмытпаған. Еміс-еміс еске алып, бізбен бөлісіп отырады дейді Лариса Паречнеева.
Лариса Паречнеева, ардагердің немересі: «Нина апам, өзін жақсы сезінеді. Жақсы тамақтанады. Барлық нәрсені ішіп жей береді. Тек жүре алмайды, бірақ отырады. Бәрімізбен қалжыңдасып, ойындағысын толық айтады. Әңгімелескенді жақсы көреді».
Денсаулық сақтау басқармасының мамандары, зейнеткерді аптасына бір рет келіп тексеріп тұрады. Өйткені, ол, қан қысымына және қалқанша безінің ұлғаюына байланысты есепке алынған. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын майдангердің денсаулығы толық бақылауда дейді дәрігерлер.
Бақытжан Абдуллаев, Қалалық денсаулық сақтау барқармасы басшысының орынбасары: «Диспансерлік есепте тұрады. Қан қысымына байланысты. Және зоб ауруына байланысты. Емхана деңгейінде тексеру жүргізіледі. Яғни, дәрігерлер үйіне келеді. Тек қана эндокринологиялық жағдайда, зобқа байланысты жылына екі рет келіп кетеді. Басқа уақытта үйіне келіп қызмет көрсетеді. Дәрілерін жеткізіп беру деген сияқты. Сонымен қатар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер келіп, қызмет көрсетеді».
Сұрапыл соғыс кезеңінен алыстаған сайын, бейбіт күн сыйлаған ардагерлерге деген құрметіміз еселене түсері анық. Сондықтан, көзі тірісінде ерліктерін ұлықтап, қолдау білдіру әр азаматтың міндеті. Айта кетейік, қала бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 166 ардагерге 176 940 теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетіледі.
Ал, қан майданда жауға қарсы жанқиярлықпен шайқасқан ҰОС ардагерлеріне 1272 АЕК немесе 5 млн, теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек беріледі.
Нұргүл Жолымбетова