Шымкент мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізіліп жатыр. Жаңа бастама аясында оқушыларды ыстық тамақпен қамту жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшірілмек. Бұл өзгеріс оқушылардың дұрыс тамақтануын бақылау және қаржыны тиімді пайдалану мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Енді оқушыларды ыстық тамақпен қамту жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Шымкент мектептерінде «Әлеуметтік әмиян» жобасы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бүгінде бұл бастама қаладағы №140 мектепте пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Жаңашыл жүйе арқылы әр оқушыға жеке электронды әмиян ашылып, арнайы карта немесе Фейс АйДи арқылы асханада төлем жасалады.
Гүлнәр Дәрібаева, Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Мектепте 100 бала тамақ ішетін болса, кейбір күндері сабаққа келмейді немесе сабаққа келіп, тамақ ішпеуі де мүмкін. Сол кезде өнім берушіге қаржы жұмсалмайды. Бұл жоба арқылы біз мемлекеттік қаржыны үнемдеуді көздеп отырмыз осы бағдарлама арқылы».
Жоба шеңберінде ата-аналарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Енді олар «Әлеуметтік әмиян» жүйесінің көмегімен мектептегі ас мәзірін көре алады. Сондай ақ, тамақтану сапасына қатысты ақпарат алып, қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын бақылай алады.
Райхан Тастанова, ата-ана: «Баламыз қай уақытта келді. Кіргеннен бастап, баламның шыққанына дейін, асханаға қай уақытта кірді, тамақты жеді ме деп ешнарсеге алаңдамаймын. Барлығы қауіпсіз, өте керемет. Барлығын үйде көріп біліп отырамын»
Айта кетейік, жоба арқылы ата-аналар тамақ сапасына қатысты сыни ескертпелер болса айта алады. Ал, келіп түскен арыз-шағымдарды мектеп әкімшілі бақылауда ұстайды. Егер пилоттық кезең сәтті өтсе, жаңа оқу жылында мегаполистегі барлық мектепке «Әлеуметтік әмиян» жобасы толық енгізіледі.
Лаура Бабас