«Лай суды ішіп көріңіз»: Тұрғын әкімдік қызметкеріне су ұсынды

Төлебилік тұрғындарды кәріз жүйесінің сасық иісі әбден шаршатты. Леңгір қаласының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда. Айтуларынша талай жылдан бері, қолқаны алған жағымсыз иістен құтыла алмай келеді. Ол аздай, лай су ішуге мәжбүрміз дейді. Бұл мәселеден әкімдік қызметкерлері хабардар болса да, проблеманың шешіміне қатысты тиянақты жауап жоқ деп отыр. Тұрғындардың шамына тиген тағы қандай мәселе бар?

Леңгір қаласы, Жаңа мөлтек ауданының тұрғыны Гүлзада Мұздыбаева әлеуметтік бағдарлама бойынша баспаналы болдым деп қуанған. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені, көпқабатты тұрғын үйдің кәріз жүйесі жыл сайын істен шығып, әбден әбігерге түсірген. Сасық иістен құтыла алмағанымыз аздай, суды да жарытып іше алмадық деп отыр.

Гүлзада Мұздыбаева, Леңгір қаласының тұрғыны: «Лай суа ағып жатқанын білесіз ғой ия? Сасық сулар келіп жатыр. Жаңбыр жауған кезде, су өшкен кезде. Соны біз өзіміз фильтр қойғанбыз. Немере бағып отырмын. Судың бәрі сондай. Сасық көлде бар».

«Ол су жерасты Достық елдімекеніндегі ұңғымалардан келеді. Ол жерде су таза. Бұл кісінің қандай суды лас су деп жатқанын».

«Осыны іше аласыз ба? Қайдан алды деп жатырсыз ғой. Бетке айтқанның айыбы жоқ. Сіздерді қаралап, масқаралап жатқан жоқпыз. Немерелеріміз үшін фильтр қойдырдық».

«Астындағы боқ-сідіктің иісін көрдіңіз бе? Өзіміз ақша жинап, екі жігітке 32 мың теңге беріп істеттік. Күнде осы иісті иіскеп отырмыз».

«Біздің тарапымыздан тек сыртқы коммуникациялар жүргізіледі. Ал, ішкі жұмыстарын өздері жөндеу керек. Егер сапасыз болса, мердігер мекемеге айтып жөндетеміз».

Кәріз жүйесіне қатысты мәселе талай жылдан бері тұрғындардың шымбайына батқан. Өйткені, олар бірнеше рет әкімдіктің есігін қаққанымен, мардымды жауап болмаған. Жағымсыз иістен құтылу үшін қалтамыздан қаржы шығарып жөндеттік дейді. Алайда, оның да пайдасы болмапты. Ал, биліктегілер 2022 жылы орталықтандырылған кәріз жүйесінің құрылысы басталғанын алға тартып отыр.

Серғазы Қалдыбаев, Төлеби аудандық ТКШ бөлімінің басшысы: «Бұл жерде 23-ке жуық коммуналдық үйлер орталықтандырылыған, кәріз жүйесі бар. Осы жердегі үйдің бәрі сол жақа құйылатын болғандықтан, көлемі аз болғандықтан, біз жаңа құрылыс бастағанбыз. 2022 жылы басталды. Жалпы құны 2,600 — ды құрайды. Республикалық бюджеттен кезең-кезеңімен бөлініп келе жатыр. Биылғы жылға 1 млрд. қаржы қаралды. Қалған 500 млн. теңгедей қаржысы бар».

Жауапты маманның сөзіне сенсек, төлебилік тұрғындар кәріз жүйесінің сасық иісімен биыл да демала тұрады. Өйткені, үш жылдан бері жұмыс жүріп жатыр деген аты болмаса, қаржысы толық бөлінбеген.

Нұргүл Жолымбетова