Шымкенттегі «Қиял әлемі» саябағы сүріле бастады. Қалалық әкімдік таратқан мәліметке сүйенсек, Республика даңғылында орналасқан саябақтың жер телімі бастапқыда жасыл желек аумағы ретінде берілген екен. Алайда, жалға алушы жасыл желек орнына ойын-сауық нысандарын орналастырған.
«Қиял әлемі» саябағындағы құрылыс нысандары сүріле бастады. Себебі саябақтың жер телімі бастапқыда жасыл желек аумағы ретінде берілген екен. Алайда, жалға алушы жасыл желек орнына ойын-сауық нысандарын орналастырған.
2011 жылы жерді жалға алған ЖШС тек аумақты көгалдандыруға ғана емес, балалар орталығын жабдықтауға да міндеттелген болатын. Алайда іс жүзінде — кесілген ағаштар, бетон құйылған ландшафт және құжатсыз, келушілерге қауіп төндіретін аттракциондар пайда болған. Естеріңізде болса, соңғы жылдары бұл жерде бірнеше төтенше жағдай орын алған, соның ішінде адам өлімімен аяқталған оқиғалар да бар.
Жер телімін коммуналдық меншікке қайтару туралы шешімді сот 2024 жылдың 30 сәуірінде шығарған. Аталған талапты әкімдік көтерген, себебі жалға алушы қоғамдық жерді тек жеке мақсатта пайдаланып, әлеуметтік міндеттемелерді орындамағаны анықталған.
Сот сонымен қатар ЖШС-ны барлық құрылысты бұзып, аумақты өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге міндеттеді. Айта кетерлігі, сүруге жататын нысандардың өзі тиісті құжаттармен рәсімделмеген болып шыққан. Бүгінде саябақта кәсіп жасап отырған 30 шақты нысанның тек тоғызы ғана заңды тіркелген. Қалғаны — рұқсатсыз салынған дейді әкімдік. Кәсіпкер жасыл аймақты аттракционға айналдырып, заңға қайшы әрекет еткен көрінеді.
Мерлан Керімжанов, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысы: «Соттың шешіміне сәйкес 9 нысан. Олардық құжаты бар, ресми сәйкестендірілген. Ал қалған нысандардың арнайы құжаты жоқ. Яғни, олардың барлығы заңсыз. Сол себептен барлық нысан сүріледі».
Енді саябақтағы аттракциондар мен құрылыстар бұзылып, бұл орын мемлекетке бастапқы қалпында қайтарылмақ. Ал 4 гектар аумақ халық серуендейтін, ашық алаңға айналады дейді жауаптылар.
Лаура Бабас