Шымкентте биыл тағы бір Арбат ашылады

747
Арбат

Шаһарда жыл соңына дейін жаңа Арбат пайдалануға берілмек. Көпшілік сейіл құратын келесі аймақ қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігі болады. Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен көшені демалыс орнына айналдыру үшін қазынадан 560 миллион теңге бөлініп отыр. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінде құрылыс алаңына айналған Бейбітшілік көшесі болашақта шаһарлықтар сейіл құратын сүйікті мекенге айналады. Ол үшін бұл жер толықтай жарықтандырылып, арнайы су бұрқақтар орнатылады. Сонымен қатар, келешекте мұнда велосипедпен серуендеу үшін арнайы вело жолақ салынбақ. Ал, көлік қатынасына шектеу қойылады. Ұзындығы 430 метрді, ені 35 метрді құрайтын демалыс аймағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда, «Жасыл қала» ЖШС  бұл нысанды көпшіліктің қолданысына ертерек тапсырмақ ниетте.

– Бұл жұмыстардың барлығы жыл соңына дейін бітуі керек деп жоспарланған. Бірақ біз ауа райының қолайлылығын пайдаланып, одан ертерек бітірсек пе деп отырмыз, – дейді «Жасыл қала» ЖШС директорының орынбасары Назира Ибрагимқызы.

Бұл Арбат тек көркімен ғана емес, қала тұрғындарының демалуына ыңғайлы болуымен ерекшеленбек. Арбаттың бір аумағы шығармашалық иелеріне шабыт сыйлайды. Ал, суретке түсуді ұнататын жандарға арнайы «селфи-аймақ» жабдықталады. Демалыс орнының дəл ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалады.