Шымкенттік ақын ЮНЕСКО сахнасында арнау айтты

фото ШӨКҚ
2025 жылдың 17 мамыры — тарих бетіне алтын әріппен жазылар күн.
Себебі дәл осы күні Париж төріндегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ мұрасы – айтыс өнеріне арналған халықаралық мәдени кеште Шымкенттен шыққан ардагер ақын Бөрібай Оразымбет арнау жырын айтып, тыңдарманды тәнті етті.
Суырыпсалмалықтың саңлағы, шымыр ойдың шебері, жүрек пен тілден өрілген жырды жұртына арнаған Бөрібай ақсақалдың бұл арнауы – екі бауыр халықтың достығын жырмен өрген, айтыстың асыл құндылығын әлемге танытқан рухани оқиға болды.
Ақынның ЮНЕСКО сахнасындағы жыры – тек өнер көрсетілімі ғана емес, ұлттық болмыс пен бауырластықты паш еткен биік миссия. Бұл тарихи сәт – Бөрібай ақынның ғана емес, бүкіл қазақ айтыс өнерінің абыройы.
«Киелі сүйегімді сүйіндірген де, сүйендірген де – Өлең. Оған себеп өлеңдерімді Абайдай ұлы мұнараның толқындарынан аламын», — дейтін ақын, «Адал болса тапқаның»; «Айтайын»; «Жақсы жаман болады құныққанда» термелері «Оңтүстіктің 100 термесі» атты жинаққа енген.
Айта кетейік, Бөрібай Оразымбеттің арнауы Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың атынан арнайы сертификатпен марапатталды.
Бұл марапат – түркі руханиятын жаһан алдында танытқан ақынға берілген зор алғыс пен құрмет.
Ұлттық өнер – ұлттың жүрегі. Ал сол жүректің үні ЮНЕСКО төрінде естілгені – бәріміз үшін үлкен мақтаныш!