Еліміздің оңтүстігін қапырық ыстық жайлады

Еліміздің оңтүстігін қапырық ыстық қысып тұр — кей жерлерде термометр бағаны 46 градусқа дейін жетті. Шымкентте күннің аптабы денсаулыққа кері әсер етіп, жедел жәрдем шақыртулары күрт көбейген. Дегенмен алдағы күндері ауа райы сәл де болса салқындайды, дейді мамандар.

Еліміздің оңтүстігіндегі өңірлерді қапырық ыстық жайлады. Шымкент пен Түркістан, сондай-ақ Қызылордада термометр бағаны 46 градусқа дейін көтерілді. Үшінші мегаполисте күннің аптабынан денсаулығы нашарлағандар көбейіп, жедел жәрдем шақыртулары жиілеген.

Райгүл Есенәлиева, Шымкент жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бөлім меңгерушісі: «Бізде 1800-1900 шақырту түсетін болса тәулігіне, қазіргі таңда 2000-нан жоғары, 2200 дейін шақыртулар түсіп жатыр. Көбіне қан қысымы жоғарылап шақыртады және де ЖРВ инфекциялар, тұмау дейміз ғой сол себептермен көбірек шақырады. Және де іші өтіп инфекция болып жатыр»

Балалар, қарттар мен созылмалы ауруы бар жандар үшін аптап ыстық өте қауіпті. Сондықтан дәрігерлер алдын ала сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.

Райгүл Есенәлиева, Шымкент жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бөлім меңгерушісі: «Күнге шыққан кезде ең бастысы бас киім болу керек. Ашық түсті киім киген дұрыс. Көбірек душ қабылдап, суды көбірек ішу керек. Мұздай су емес, салқындатылған су ішу керек көбірек. Тамақ ашып қалмау үшін 1 күндік қана тамақты дайындап ішкен дұрыс. Ертеңге қалдырмай. Себебі күннің ыстығына байланысты тағам тез бұзылады»

Қатты ыстықтан қашқан халық өзен-көлдерді жағалап, субұрқақ маңында шомылып салқындауға тырысып жатыр. Дегенмен дәрігерлер күннің астында ұзақ уақыт жүрудің денсаулыққа аса қауіпті екенін айтады. Ал синоптиктердің мәліметінше, келесі аптада ауа температурасы төмендеуі мүмкін.

Әсия Қыдырбаева, «Қазгидромет» РМК бөлім басшысы: «Ертеңнен бастап 23 маусымға дейін ауа температурасы 32-37, облыстың таулы аудандарында 28 градусқа дейін төмендейді. Ертең күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр, найзағай болады. Облыстың солтүстігінде, батысында және Түркістан қаласында шаңды дауыл тұрады. Облыстың кей жерлерінде жел, 15-20 м/сек дейн күшейеді»

Мамандар алдағы күндері ауа райының біршама тұрақтанатынын айтқанымен, аптап ыстықтың қаупі әлі де сейілген жоқ. Сондықтан тұрғындарға сақтық шараларын ұмытпай, денсаулықтарына мұқият болуға кеңес беріледі.

Лаура Бабас