Отандық өнім – ұлттық брендке айналуы тиіс. Осы мақсатта қалада «Қазақстанның үздік тауары – 2025» және «Бір ауыл – Бір өнім» атты көрме-байқаулары өтті. Жүзден астам кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, жергілікті өндірістің әлеуетін көрсетті. Арасында табиғи май өндірушілер де, әлемдік деңгейдегі алюминий құты шығаратын зауыттар да бар.
Жергілікті кәсіпкер Айжан Машикей асқабақ дәнінен май өндірумен айналысады. Бүгін ол өз тауарын «Бір ауыл-Бір өнім» көрме-байқауы аясында жұртшылық назарына ұсынды. Оның айтуынша, бұған дейін табиғи сабын өндірісімен айналысқан, алайда сапалы май табылмағандықтан, бұл істі тоқтатуға тура келген. Содан кейін ол қажетті шикізатты өзі өндіруге бел буған көрінеді. Айжан Машикейдің айтуынша, асқабақ дәнінен алынатын майдың емдік қасиеттері көп. Өнім түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Айжан Машикей, кәсіпкер: «Асқабақтан өндіріп дәнінен осындай май шығарамыз. Бұл майдың пайдасы адамдарға денсаулығына пайдалы. Бас ауырғанға, іш құрылысына пайдалы. Антипаразитарлы. Құрттардың бәрін түсіреді. Мен айтамын 10 күн ішіңдер деп, ал балаларда 3 күннің ішіне құрттарын түсіріп жатады. Асқазанға өте пайдалы. Майлы гипатоздарға жақсы».
Ал «Қазақстанның үздік тауары-2025» өңірлік көрме-байқауына қатысушылардың бірі «КАЗАЛРАК» компаниясы. Олар Орталық Азияда алюминий құтысын шығатын бірден бір өндіріс орны. Құрылғанына 4 жылға жуық уақыт болған кәсіпорын жылына 2 жарым млрд. ыдыс шығаруға қауқарлы.
Гүлназ Қайжанова, кәсіпорын директорының көмекшісі: «Біздің кәсіпорында 472 жұмыс орны бар. Жұмысшымыз бар яғни, жылына 2,5 млрд. өндіріс қуаттылығы»
Қалада өтіп жатқан екі бірдей көрме-байқауға 100-ден астам кәсіпкер өз өнімдерін ұсынып отыр. Шара барысында қала әкімі қатысушылардың тауарымен арнайы танысып, олардың өндірістік әлеуетіне баға берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздік кәсіпкерлер үш негізгі бағыт бойынша анықталады.
Бауыржан Бердіәлиев, Кәсіпкерлік палатасының директор орынбасары: «3 номинация бар. Бұл жерде өндірістік мақсаттағы үздік тауар, сосын азық-түлік тауарлары, одан кейін халыққа арналған тауарлар арасында үздіктар анықталады. Олар өздері осы байқауға қатысамыз деп берген»
Өңірлік кезеңнің қорытындысы бойынша үздік деп танылған 9 кәсіпорын қаланың атынан «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық көрме-байқауына қатысады. Ал «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясында жеңімпаздарға жеңілдетілген несие алу, бренд қалыптастыру және өнімін нарыққа шығаруға қатысты қолдау көрсетілмек.
Әсел Мәлік