Елімізде коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты жаңа өзгерістер енгізілмек. Табиғи монополияларды реттеу комитеті жыл соңына дейін бағаның күрт өспейтінін мәлімдеді. Бұған дейін жоспарланған тариф өсімі де қайта қаралып, жеңілдетілді.
Коммуналдық тарифтердің өсу қарқыны бәсеңдейді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті бұған дейін бекітілген тарифтік өзгерістердің қарқыны төмендетілгенін және кейбір жоспарланған қымбаттаулардың уақытша тоқтатылғанын хабарлады.
Қанат Құлназаров, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары: «Электр мен жылу бағасы бұрын айтылғандай 35 пайызға емес, 20 пайызға ғана қымбаттайды. Су, кәріз және газ тарифтері де 50 пайызға емес, 30 пайызға көтеріледі. Бұл өзгерістер тарифтерді қайта есептеудің, монополиялардың шығындарын азайтудың және ұзақмерзімді инвестиция тартудың арқасында іске асты».
Бұл шаралар халықтың ақшалай мүмкіндіктері күрт төмендемеуі үшін және коммуналдық қызмет бағасының өзгеруіне біртіндеп үйренуіне жағдай жасау мақсатында қолға алынған.
Қанат Құлназаров, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары: «Бұдан былай кез — келген тариф өзгерістері мемлекеттік саясаттың мүдделерін ескере отырып, теңгерімді түрде жүзеге асырылады»
Коммуналдық тарифтердің өсуі «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының бір бөлігі. Мұндағы басты мақсат — қызмет сапасын көтеріп, коммуналдық мекемелердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған сәйкес, компаниялар ескірген желілерді жаңғыртып, сапаны сақтап қалуға күш салады.
Лаура Бабас