Азық-түліктің қымбаттауына не себеп?

153

Ұлттық банк төрағасы елімізде инфляцияның өсуінің негізгі себептерін айтты. Ерболат Досаевтың сөзінше, азық-түлік бағасының өсу факторы жалпы елдегі инфляцияға үлкен әсерін тиігізіп отыр.

Ал биыл ұзақ сақталатын көкеніс құнындағы өсу рекорд жаңартты. Жалпы, ағымдағы жылы қандай қызметтер мен тауарлардың бағасы өсті? Және не себепті қымбаттады? Бұл сауалға Ұлттық банк төрағасы жауап береді.

Биыл елімізде көкөніс бағасының рекордтық өсуі тіркелді. Осылай деген Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев азық-түлік құнының өсуі негізгі инфляцияға септескен фактор болғанын айтады. Биылғы қыркүйекте уақытша және орнықты себептердің әсерінен азық-түлік 11,5%-ға өскен.

Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы: «Осы жылғы шілде-тамызда жаз айларына тән емес және ұзақ сақталатын көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша) бағасының соңғы жылдардағы рекордтық өсуі тіркелді. Ет, өсімдік майы және қант бағасының өсуі инфляцияны жылдамдатудың тұрақты факторы болып қалуда, бұл өсу деңгейін әлемдік үрдістермен салыстыруға болады. ФАО деректеріне сәйкес, бір жылда еттің әлемдік бағасы орта есеппен 26,3%-ға, өсімдік майының бағасы – 61,2%-ға, қанттың бағасы – 53,5%-ға өсті».

Ал ақылы қызмет инфляциясы негізінен электр энергиясы, тұрғын үйді жалдау және көлік қызметтері бағасының өсуі есебінен 6,8%-ға дейін көтерілген. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жанар-жағар май және ұзақ пайдаланылатын тауарлар бағасының өсуі нәтижесінде Қазақстанда азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5%-ға дейін жылдамдаған.

Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы: «Биылғы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 3,4% болды, мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 68 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келеді. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде Ұлттық банк ішкі жалпы өнімінің 2021 жылы 3,7-4% деңгейінде өсуін күтеді».

Биыл бағаның өсуі тарихтағы статистиканы жаңартып отыр деген Ерболат Досаев әлемдегі инфляция соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткенін айтады.

Мөлдір Ибадуллаева