Шымкентте жер дауы шешілер емес. Нұртас шағынауданы, жаңақұрылыста бірнеше үйдің мәселесін майшаммен қарау керек. Өйткені, бір учаскеге екі адам таласып жатыр. Бірі, 2014 жылы жер телімін 952 -ші нөмірмен сатып алса, енді бірі 2022 жылы пайда болып, 953-ші нөмірмен белгілетіп, заңды құжат жасап алған.
Тіпті, қолында үйді сүру қажет деген сот шешімі бар. Алайда, тұрғындар бұл шешіммен келіспейді. Өйткені, екі зейнеткер, бес баламен далада қаламын ба деп алаңдаулы.
Роза Бұланбаева бес баланың анасы. Осы Нұртас шағынауданы Құлагер көшесіндегі 952 ші үйде ата-анасымен бірге тұрады. 2014 жылы жер алып, үй салған. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені оның баспанасы орналасқан жер, қолында заңды құжаты бола тұра №953 -ші жер учаскесі болып, белгісіз адамның қолына өтіп кеткен.
Табан астында пайда болған жердің екінші егесінің қолында баспананы сүріп тастауға сот шешімі де бар. Соған қарамастан, үй иелері дес бермей, әлі күнге дейін соттасып келеді. Айтуынша ол осыдан 11 жыл бұрын бар тапқан- таянғананын жиып-теріп, баспанасын салған.
Роза Бұланбаева, қала тұрғыны: «Біз 2014 жылы шақырған кезде коуч қаққан кезде, неге жерді дұрыстап бермеді? Солардың рұқсатымен там салып жатырмыз ғой. Бар ақшамызды осы тамға салдық. Кімнің үйіне сыямыз? 2023 жылы снос істейміз деп бәрі келген. Сол кезде бәрі келген. Кран, бульдезер, барлық техника келген. Тек, жедел жәрдем келмеген. Қазір де 4 шілде күнге бәрін шақырып жатыр».
Тұрғындардың айтуынша, егер бұл үй сүрілетін болса, өзге де 9 отбасы зардап шекпек. Өйткені, жер телімдері кадастр нөміріне сай берілген. Тіпті мемлекеттік акті де бар. Ал, сот тәртібімен, бұл құжаттар заңсыз деп танылған. Тіпті 4 шілде күні жеке сот орындаушысының қаулысына сәйкес, үй сүрілуге жатады. Егер, бұл үй сүрілетін болса, көршілер бірін-бірі сотқа беруге мәжбүр.
Өйткені Түркістан облысы мен Шымкент қала аумағы бөлініп, үйлер ығыстырылып кеткен көрінеді. Бұл оқиғадан, Қаратау ауданы әкімдігі мен жер қатынастар басқармасы хабарсыз болып шықты. Алдағы уақытта, зерделеп, құжаттарды қайта көтереміз деп отыр.
Алмас Қамбаров, Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары: «Шымкент қаласы әкімдігі тартылмаған. Сондықтан, бұл мәселеден бейхабар болып отыр. Соттың актісін зерделеу барысында мен мынадай тұжырымға келіп отырмын. Жер ресурстарын басқару департаментіне жүгіну қажет. Бұл 953 жер учаскесі қалай пайда болды. Оның пайда болу құқығын зерделеу қажет. Себебі, зерделенбей қалған болуы да ықтимал. Соттың актісіне заңды бағасын беру, біздің құзыретімізге кірмейді. Сондықтан, сот тәртібімен даулануға жатады. Сносқа кетеді, кетпейді деп айта алмаймын».
Қалалық жер қатынастар басқармасының мамандары бұл мәселені жіті бақылауға алып, алдағы уақытта тиісті зерделеу жұмыстарын жүргіземіз деп отыр. Ал тұрғындар, жер ресурстарын бақылау департаментінен, бас прокуратураға хат жолдап, араша түсуді сұрап отыр.
Нұргүл Жолымбетова