Қайта түлеген Қошқарата: Өзен бойы абаттандырылып жатыр

фото ШӨКҚ

Шымкентте Қошқарата өзенінің жағалауында ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ордабасы мен Ә.Жангелдин көшесінің аралығы қайта жаңғыртудан сәтті өткеннен кейін, енді келесі кезең — Ә. Жангелдиннен Алпысбаев көшесіне дейінгі аумақ қолға алынған. Жоба экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға және заманауи демалыс аймақтарын жасауға бағытталған.

Шымкентте Қошқарата өзенінің жағалауын нығайту және абаттандыру жұмыстары қарқын алып жатыр. Ауқымды нысанның келесі кезеңі – Ә. Жангелдин көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3 жарым шақырым су арнасын қамтиды. Жоба аясында өзен жағасы жаңаша кейіпке еніп, қала тұрғындары үшін жайлы әрі заманауи демалыс орнына айналмақ.

Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген, әсіресе өзен бойына ағаштар отырғызылып, көк шалғын төселеді. Жағалау бойында жаяу жүргіншілер жолы салынып, жарық шамдар мен орындықтар орнатылады. Қошқарата Шымкенттің табиғи әрі мәдени келбетінің маңызды бөлшегі. Ол тек экологиялық емес, сондай-ақ рекреациялық қызмет атқарып, мыңдаған қала тұрғыны үшін демалыс орнына айналған.

Еске сала кетейік, 2023 жылы қаланы абаттандыру бағдарламасы аясында Қошқарата өзенінің Ордабасы алаңынан Ә. Жангелдин көшесіне дейінгі бөлігі толықтай қайта жаңғыртылды. Жоба негізінде жасыл желек отырғызылып, инфрақұрылым жаңартылды, жаяу жүргіншілерге арналған заманауи аймақтар салынды. Бүгінде бұл аумақ қала тұрғындарының тынығып, серуендейтін сүйікті орнына айналып отыр.