«Қарызыңды төле, ата-ана!»: Шымкентте 600-ден аса адам алименттен жалтарып жүр

Шымкентте балаларына алимент төлеуге міндетті 13 мыңнан аса адам бар. Олардың 630-ы түрлі себеппен қарызын төлеуден жалтарып жүр. Перзенті алдындағы берешегін өтемеген 121 адам әкімшілік жауапқа тартылса, сот бұл үшін бір адамды бас бостандығынан айырған. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова айтты.

Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың хабарлауынша, Шымкентте 13 мыңнан аса адам балаларына алимент төлейді. Оның ішінде 5 мыңнан астам адамның алимент берешегі жалақысынан ұсталынады. Ал тұрақты жұмысы жоқ болса да 6 мыңнан астам адам берешегін өз еркімен төлеп жүр. Қалған борышкерлер түрлі себеппен алимент төлемей келеді.

Айнұр Исабекова, Шымкент қалалық Әділет департаментінің басшысы: «Өзекті, қиын, осы санаттағы істер 630 іс бойынша алимент төлемей келеді. Оған сот орындаушыларын тартамыз. Сот орындаушы бұл бойынша қандай жұмыс жүргізуі керек. Әдетте осы 630 іс шеңберінде борышкердің мүлкі жоқ, табысы жоқ, жұмыс істемейді. Тіпті 300-ден астамы іздеуде жүр. Анықтай алмай жатыр оның қайда жүргенін».

Департамент басшысы алимент төлеуден жалтарған адамды сот орындаушылары әкімшілік жауапқа тартуды ұйымдастырады дейді. Мысалы, биыл жарты жылда 121 алимент төлемеген адам әкімшілік қамаққа алынған.

Айнұр Исабекова, Шымкент қалалық әділет департаментінің басшысы: «Ары қарай осыдан кейін де алимент төлемей тағы да өз міндеттерін орындамаған азаматтар да бар. Олардың 29-ына қатысты қылмыстық істер шеңберінде айыптау үкімдері шыққан. Яғни азаматтар сотты болып кетіп жатыр алимент төлемегені үшін. Осы айыптау үкімдерінде көбіне бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады. Ол адам түрмеде отырмай, пробациялық қызметте есеп беріп отырады».

Қалада әкімшілік жауапқа тартылып, қылмыстық іспен бас бостандығы шектелсе де алимент төлеуден бас тартқан 1 адам сот үкімімен бас бостандығынан айырылған. Департамент басшысы, алимент төлеу міндеті бар азаматтарды бала-шағасынан теріс айналып, жалтармауға шақырады.

Дилара Иса