Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде атап көрсеткен маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасының үйлестіруімен жиын өтті.
Оған тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекеттік органдармен қоса «Сана Сезім» қоғамдық бірлестігі, «Көмек» дағдарыс орталығы, «Ана үйі» қоғамдық қоры, «№3 әлеуметтік көмек көрсету орталығы» мен «Отбасын қолдау орталығы» мекемелерінің және Шымкент қаласының «Әділетті — Алқа билерінің» билерінің өкілдері қатысты.
Тиісті сала мамандары жиында алған қосымша ақпараттар мен мәліметтерді халыққа жеткізіп, құқықтық сауаттылықты насихаттауға күш салатыны айқын. Тек бұл емес, аталмыш жиын мекемеаралық әрекеттестік де күшейте түскені сөзсіз.
Еске сала кетейік, Президентіміз өз сөзінде
— Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бос¬тандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет, — деп атап өткен болатын.
Жалпы ұжымның отырысында комиссиялық түрде тұрмыстық қиын жағдайға түскен отбасылармен жеке кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонымен бірге барлық отбасыларға тиісті көмек көрсетіледі.
Нақтырақ айтар болсақ, аудан прокуратурасының тікелей араласуымен ұзақ уақыт жертөлені паналап келген жалғыз басты ана көмек көрсету орталығына орналастырылды. Осылайша бұл отбасын қауіпсіз ортаға көшіру арқылы балалардың құқықтарын қорғау және оларға қажетті әлеуметтік – психологиялық көмек көрсетуге бағытталған маңызды қадам жасалды.
Жиында алдағы уақытта да бұл бағытта іс-шаралар тұрақты түрде өткізу жоспарланды.