Шымкентте тіркелмеген заңсыз дәрілер сатылған

Шымкентте елімізде тіркелмеген дәрілік заттарды сақтау және босату бойынша 15 хаттама толтырылған. Оның ішінде 11-і заңсыз деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қарасты департамент өкілдері мәлімдеді. Айтуынша, медициналық және фармацевтикалық қызмет саласына арыз шағымдар артып келеді.

Қазіргі таңда кейбір дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану жағдайлары артып отыр. Өйткені, әлеуметтік желіні пайдаланып, саудасын қыздыратындар бар. Денсаулық сақтау мамандарының айтуынша, мұндай препараттар тек дәрігердің рецепті бойынша қатаң түрде берілуі керек. Себебі, бұл дәрілердің адам ағзасына тигізетін әсері күшті, ал бақылаусыз қабылданған жағдайда түрлі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге сақтықпен қараған абзал дейді мамандар.

Айгүл Садықова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары м.а.: «462 бабының 1 бөлігімен 15 хаттама толтырылған екен. Оның ішінде 11 ҚР тіркелмеген дәрілік заттарды сақтау, босату бойынша. Бұл бойынша әкімшілік іс қозғалып, тіркелмеген дәрілер тәркіленіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, жалпы 426 бабы, 1 ші бөлігімен 63 өтініш келіп түскен».

Сонымен қатар, қоғамда түрлі медициналық қызмет кабинетін ашып алған шетелдіктер немесе шетелде білім алған жандар көбейген. Яғни, өзге елдің дәрігерлері түрлі ем шараларын ұсынып, тіпті өздерінің дәрілерін қолдануды кеңес береді. Ал бұл кәсіп иелерін тексеру жұмыстары қаншалықты жүзеге асырылуда. Мамандар, бұл мәселенің өзекті екенін жасырмады. Тиісінше арыз шағымдар жиі түседі деп отыр.

«Бұл бүгінгі таңда өзекті мәселе. Біздің департаментке бірнеше арыздар келіп түсіп жатыр. Біздің қаламыздың ашылған қызметіне жүгінген пациенттер тарапынан. Бұл жерде екі сұрақ бар. Біріншіден медициналық қызмет көрсетудің заңдылығы. Және оларды ҚР айналымында бар ма деген».

Айта кетейік, 2025 жылдың І жартыжылдығында медициналық және фармацевтикалық қызмет саласы бойынша жалпы 399 өтініштер тіркелген. Оның ішінде 102 өтініштер бойынша 109 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, 15 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған.

Нұргүл Жолымбетова