Қабылсай ауылының тұрғындары аптап ыстықта ауызсуға зәру. Жыл сайын жаз шыға тіршілік нәрінен қағылатын халық, жанайқайын жеткізді. Сөздерінше бірнеше рет мәселені мамандарға айтқан. Алайда нәтиже жоқ. Судан тарыққан елдімекен жайлы келесі бейнематериалда толық тарқатамыз.
СУ СҰРАҒАН ЖҰРТ – УӘДЕДЕН ШАРШАДЫ
Түркістан облысындағы Қабылсай ауылының халқы жаз шықса, ауызсу таппай қиналады. Ауылда тіршілік нәрі тапшы. Тіпті тамақ істеп, мал суаруға су жеткіліксіз көрінеді. Тұрғындар соңғы үш жылдан бері жағдай мүлде қиындап кеткенін айтады. Егер осылай жалғаса берсе, көп адам туған жерден көшуге мәжбүр болады дейді. Мәселені айта-айта шаршаған халық, қазір су сатып алып күнелтіп отыр екен.
Базарбай Мейірбеков, Қабылсай ауылының тұрғыны: «Водовозбен әкеліп жатыр 15 мыңнан біреулер. Иә, Монтайдан алып келеді 4 тонналық. 3-4 жетеді көп болса малына. Огородты қойғанбыз балам. Кеңес уақытында огород егіп жедік. Бізде жоқ қазір ондай. Ішерге су жетпейді, огород жоқ қазір».
Ауылға ауызсу Арыс өзенінен тартылады. Бірақ жол бойындағы ескі құбырлар әбден тозып, жиі жарылып қалатын көрінеді. Жұрттың айтуынша, бұл ақауларды дер кезінде жөндеп жатқан мамандар да жоқ. Бұған қоса, ауыл тұрғындары су тартатын құбырларды жол бойындағы қойшылар бұрып алып, елдімекенді мүлде сусыз қалдырды деп ашынып отыр. Тұрғындар сөзінше, ауылға су аптасына екі-ақ рет беріледі. Оның өзінде 1-2 сағат қана ағады. Ол уақытта тіршілік нәрін жинап үлгеру мүмкін емес дейді қайылсайлықтар.
«Міне, бөшкелеріміз қаңырап тұр. Жинаған сумызға бетімізді жуамыз да, кір жуамыз сол суға. Төкпейміз есік алдына шашылмайды топырағы шығып жатыр. Огород еге алмаймыз. Малды айтпай-ақ қояын. Өзімізге су таппай отырмыз».
Ауыл халқы шырылдап, жанайқайын жеткізген соң, жауаптылар оқиға орнына келді. Бұған дейін бірнеше рет шағымданып, құрғақ уәдеден шаршаған жұрт бұл жолы нақты шешім қабылдауды талап етті. Шенеуніктердің айтуынша, Қабылсай ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы жоба жасалып, оған 100 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары осы айда басталатын көрінеді.
Берік Байтеміров, Арыс қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгеруішісі: «Оған дейін темір жол мекемесімен болып жатқан проблеманы шешеміз. Қазір бұл арада құбырлардың ақауы болуына байланысты, су тұрақты берілмей тұр. Қазір ақауларды су беруші тарап ретке келтіреді. Содан кейін жанама тағы насос керек пе, не керек екенін мекемемен келісіп халыққа су беретін әрекет жасаймыз. Қанша уақытта жобамен? Енді бүгін кешке дейін прорывты істесе, ертең, арғы күні деп отырмыз».
Алайда бұл жоба толық біткенше 2 жыл уақыт керек. Қазірдің өзінде ауыл халқы аптап ыстықта тіршілік нәріне зәру. Сондықтан тұрғындар игілікті тағатсыздана күтіп отыр екен.
Әсел Мәлік