Түркістанда ветеринария саласының мамандарына 85 қызметтік көліктің кілті табысталды. Бұл — кәсіби мереке қарсаңында атқарылған қолдаудың бір көрінісі. Сондай-ақ, үздік қызметкерлерге марапаттар табысталып, көпжылдық еңбектері еленді. Биыл өңірде 21 ветеринарлық бекет пен 14 мал қорымы салынып жатыр. Сала жауаптылары бұл еңбек адамдарына жасалған қолдау дейді.
10 шілде – елімізде Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай, Түркістанда сала мамандарына 85 қызметтік көліктің кілті табысталды. Ал 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Бұл датаға орай көп жылдық еңбегімен көзге түскен қызметкерлер марапатқа ие болды.
Биыл өңірдегі ветеринария саласына 1,7 млрд. теңге бөлініп, түрлі аурулардың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 21 ветеринарлық бекет пен 14 мал қорымы салынып жатыр. Жауаптылардың айтуынша, сала мамандарына жасалып жатқан жағдай жылдан жылға жақсарып келеді.
Ербұлан Жәнібеков, Түркістан облысының ветеринария басқарма басшысы: «Биылғы жылы жиырма бір ветеринарлық бекет соғып отырмыз. Мал қорымдарының он төрт данасын соғып отырмыз. Жалпы ветеринария саласына жылдан-жылға қолдаулар көбейіп келе жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша жалпы екі мыңға жуық ветеринарлар осы салада қызмет атқарады. Олардың басты міндеті – азық-түлік қауіпсіздігі, ветеринар-санитариялық қауіпсіздікті сақтау болып табылады».
Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13 пайызы өңірлік ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Жыл сайын 1 триллион теңгеден астам өнім өндіріледі. Су тапшылығының алдын алу үшін биыл 46 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, ағын су шығыны 1,5-2 есеге азайған. Ал өнім көлемі 2,5-3 есеге артқан. Сондықтан облыс басшысы сала мамандарының еңбегін айрықша атап өтті.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Құрметті су шаруашылығы және ветеринария саласының қызметкерлері! Ардақты еңбек ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Сіздер секілді еңбек адамдарының беделін арттыру, қоғамға үлгі ету – дәстүрге айналып жатыр. Бүгінгі басқосуымыз да – осының дәлелі. Түркістан өңірі – агроөнеркәсіптік кешен бойынша республикада көшбасшы өлке. ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қауіпті індеттер мен зиянкестерге қарсы күрес барысындағы белсенді қызметтеріңізге алғыс білдіремін. Төл мерекелеріңізбен тағы да құттықтай келе, зор денсаулық, еңбекте табыс, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін».
Күнгей өңірде көктемгі тасқын суды жинап, оны суару маусымында тиімді пайдалану үшін «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынып жатыр. Сонымен қатар, 25 су қоймасы, 1 су реттегіш пен 269 канал күрделі жөндеуден өтпек. Бұл арқылы тозу көрсеткішін 76 пайыздан 50 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.
Әсел Мәлік