Заң және тәртіп қағидаттарын ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында халықпен кездесу аясында маңызды әлеуметтік іс-шара өтті. Жұмыс іздеп жүрген азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, сондай-ақ алимент қарызы бар борышкерлерді жұмыспен қамту арқылы олардың міндеттемелерін орындауға ықпал ету. Бұл – мемлекет пен қоғамның бірлескен жауапкершілігін көрсететін маңызды қадамдардың бірі.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласының бірқатар салалық басқармалары мен мемлекеттік және жекеменшік мекемелері қатысып, өз салалары бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, коммуналдық қызмет, өндіріс, күзет және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің жұмыс ұсыныстарын ұсынды. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталықтары мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жұмыссыз азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, қайта даярлау курстары мен уақытша жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жәрмеңкеге келген азаматтар жұмыс берушілермен бетпе-бет сөйлесіп, өздерін қызықтырған жұмыс орындары туралы нақты ақпарат алды. Кейбір қатысушылар жұмыс берушілермен алдын ала сұхбаттасып, бірден жұмысқа қабылдануға мүмкіндік алды. Бұл – жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған тиімді шаралардың бірі.
Айта кету керек, жәрмеңкеде алимент төлемей жүрген борышкерлерге ерекше назар аударылды. Оларға арнайы жұмыс орындары ұсынылып, өздеріне жүктелген заңдық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беру көзделді. Бұл – тек заңдық жауапкершілік емес, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің де маңызды бөлігі.
Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері іс-шара барысында азаматтарды заң және тәртіп қағидаттарын сақтау, толеранттылықты сақтау, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікке бей-жай қарамау керектігі жөнінде ақпараттандырды. Олар мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктерді пайдаланып, өз өмірлерін жақсартуға шақырды.
Жәрмеңке нәтижесінде ондаған азамат жаңа жұмыс табуға мүмкіндік алды. Мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасын тауып, түрлі елді мекендерде өткізілмек. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, еңбек нарығының сұранысына сай кадрларды дайындау мен жұмысқа орналастыру мәселелері – күн тәртібінен түспейтін басым бағыттардың бірі болып қала бермек.
Жанна Құрманбекова