Шымкент қаласында экологиялық тәртіпті сақтау мақсатында қолға алынған «Таза қала» акциясы аясында полицейлер күн сайын рейдтік шаралар ұйымдастырып, қала аумағындағы санитарлық ережелерінің сақталуын қадағалап келеді. Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі – экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи технологиялардың – дрондардың пайдаланылуы.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, рейд барысында ұшқышсыз басқарылатын құрылғының көмегімен рұқсат етілмеген орынға қоқыс төгілген бірнеше жағдай анықталған. Дрон арқылы түсірілген бейнематериалда жүк көліктерінің заңсыз әрекеттері байқалып, нақты дәлелдермен тіркелген. Қаланың шет аймақтарында қоқысты өз бетінше төгіп кеткен адамдар жедел анықталып, қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттер тек қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қала келбетіне де кері әсерін тигізеді. Жыл сайын тазалық пен абаттандыруға мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенімен, кейбір тұрғындардың жауапсыздығынан бұл жұмыстар нәтижесіз қалуы мүмкін. Осы орайда дрондарды қолдану – экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуда таптырмас құралға айналып отыр. Әсіресе, жаяу немесе көлікпен жету қиын аумақтарда бейнебақылау жүргізу арқылы құқық бұзушыларды анықтау әлдеқайда жеңілдеді.
«Таза қала» акциясының басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, заңсыз қоқыс тастау, көгалдандырылған аумақтарды бүлдіру секілді әрекеттерді тоқтату. Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы апталарда жүргізілген рейдтер барысында ондаған әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, айыппұлдар салынған. Бұл өз кезегінде мұндай заңсыздықтарға бей-жай қарауға болмайтынын еске салады.
Экологтар да бұл бастаманы қолдап отыр. Олар дрон арқылы бақылау – құқық бұзушыларды дәлелмен әшкерелеудің тиімді жолы екенін атап өтуде. Сонымен қатар, мұндай шаралар қала тұрғындарының тазалыққа деген көзқарасын өзгертуге, экологиялық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді деген сенімде.
Бүгінде Шымкент қаласы қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналды. Халық санының артуымен бірге тұрмыстық қалдықтардың мөлшері де көбейіп келеді. Осы себепті әр тұрғыннан жеке тәртіп пен жауапкершілік талап етіледі. Егер әр азамат өз үйінің маңын ғана емес, бүкіл қаланы өзінің ортақ мекені ретінде қабылдап, тазалықты сақтаса, онда Шымкент нағыз жасыл әрі таза қала болмақ.
Жанна Құрманбекова