Көпірлер мен жол айрықтары дрондар арқылы тексеріледі

38

Қазақстанда көпірлер мен жол айрықтары дрондар арқылы тексеріледі

Республикада 3-5 жыл сайын диагностиканы қажет ететін 2 мыңнан астам көпір бар
2023 жылдан бастап көпірлер мен жол айрықтарының жай-күйі дрондардың көмегін тексеріліп отырады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, қазір мамандар автомобиль көпірлері мен жол өткелдерінің техникалық жай-күйін және зақымдарды қарап шығу үшін дербес тексеріс жүргізіп, фототүсірілім жасайды. Осылайша олар өз өмірін қатерге тігеді, автокрандар мен альпинистік құралдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Министрлік бұл әдіс жұмысшылардың өміріне қауіп төндіріп, көлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыратынын атап өтті.
«Сондықтан келесі жылдан бастап мамандар дрон құрылғыларын пайдалана бастайды. Дрондар нысандарды диагностикалауды қауіпсіз етіп қана қоймай, үрдісті жылдам, арзан және тиімдірек етеді», – деді ведомство.
«ҚазжолҒЗИ» АҚ Жол конструкциялары және жаңа технологиялар басқармасының бас маманы Қайсар Шалқардың айтуынша, көпірлерді дәстүрлі әдіспен тексергенде көп уақыт жұмсалады.
Жолшылар уәкілетті органдарға хабарлайды, жол полициясынан рұқсат алады және автомобиль қозғалысын ішінара немесе толығымен тоқтатады.
Бұдан бөлек арнайы кран мен ескерту белгілерін бірнеше рет жылжытуға мәжбүр. Ал тексеру қиынға соғатын жерлерге мамандар беліне арқан байлап түседі.
«Дронды қолдану арқылы жұмыс айтарлықтай жеңілдеп, тексеру уақыты 3-4 есе қысқарады. Осылайша біз көпірлер мен жол айрықтарын көбірек қамти аламыз», – деп атап өтті Шалқар.
Айта кетері, дрондар жол қозғалысына кедергі келтірмейді, ал қашықтан басқару жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейді. Ендігі кезекте биіктіктен құлап кету, өтіп бара жатқан көліктің астына түсу сынды қауіп-қатердің алдын алуға болады.
«Дрон арқылы зерттеу жүргізудің бірнеше артықшылығы бар, ол – жасырын жерлерді тексеру. Кейін түсірілген бейнежазбаларды компьютерде егжей-тегжейлі талдауға, жіті тексеруге болады. Сондай-ақ болашақта технологияның көмегімен біз барлық көпір құрылымын цифрландыра аламыз. Бүгінде еліміз бойынша 2 мыңнан астам көпір бар», – дейді институт қызметкері.
Жүйелі тексеріс көпірлердің тозуы мен апатқа әкеп соғатын ақауларды ерте анықтауға әрі жоюға мүмкіндік береді, деп санайды министрлік.
Америкалық тәжірибеге сүйене отырып, Шалқар уақытылы диагностика жасау объектілерді ұстап-күтуге кететін шығындарды азайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа көпірлерді бес жылда бір, ескілерін үш жылда бір рет тексеру қажет. Жыл сайын ҚазжолҒЗИ кем дегенде 15 нысанды зерттейді. Жалпы 59 жылдың ішінде институт мыңнан астамына диагностика жасаған.