Соңғы 5 жылда медицина қызметкерлеріне 170-тен астам шабуыл жасалған

Соңғы уақытта Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты агрессия жиілеп кетті. Ақ халатты абзал жандарға жасалған шабуылдар – мемлекет тарапынан қатаң шараларды талап ететін маңызды жағдай. Қазір елімізде медицина қызметкерлеріне күш көрсетуге байланысты қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, заңнаманы қатаңдату жеткіліксіз – ең бастысы, денсаулық сақтау жүйесіне деген халық сенімін қайтару. 

Олар – өзгенің өмірін құтқарады, бірақ өз өмірлеріне қауіп төнуде. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыстық оқиға тіркелген. Бұл – жылына шамамен 30 жағдай. Сарапшылардың пайымдауынша, медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін заңмен бекіту қажет. Бұл мұғалімдер мәртебесі секілді заң жүзінде қорғалуы тиіс.

Баян Жандосова, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық және Түркістан облыстық филиалының төрайымы: «Мектептердегідей кезекші полиция қызметкерлері болуы керек деп есептеймін. Кез — келген сәтте көмекке шақыру үшін. Бізде мұғалім мәртебесі туралы заң бар, онда мұғалімдерді қорғаудың барлық тұстары қарастырылған. Неліктен Денсаулық сақтау министрлігі де медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы мәселені көтермеске? Неліктен біз ақ халаттыларды қорғамаймыз?».

Сарапшылар бұл мәселені шешуге қоғамды да тарту керек дейді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесіне деген халықтың сенім-көзқарасы әртүрлі. Ал бұл сенімді қайта қалпына келтіру – басты міндеттердің бірі.

Қайырғали Көнеев, Медицина ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі: «Жабық жүйе – бұл дұрыс емес. Барлығы ашық, жария болуы тиіс. Пациенттердің өздері де қатысуы керек. Денсаулық сақтау жүйесінде қабылданатын кез келген шешім қоғамдық бақылаудан өтуі қажет. Сонда ғана медицина қызметкерлеріне деген агрессия төмендейді. Әлемнің көптеген елдеріндегі секілді. Біздің елдегідей жиі болмайды».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілік Қылмыстық кодексте нақты көрсетілетін болады. Дәрігерлерге қарсы әрекеттерге арнайы жеке бап енгізу жоспарланып отыр. Дерек бойынша егер қоқан-лоқы көрсетіп қорқытса – 2 жылға дейін , ал егер күш қолданса – 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді.

Евгений Яворский, Адвокат: «Мүмкін халықтың эмоцияға беріліп осындай әрекет жасамауы үшін оның басқа да шаралары бар екенін түсіндіру қажет шығар. Мәселен, медеиина қызметкері қызметін дұрыс атқармаса оның үстінен арыздануға болады. Бірақ мұндай жағдайда бұл мекеме өз ісін дұрыс жасауы тиіс. Дегенмен, мен ол органның өзіне қатысты да көптеген шағымдарды естідім. Сондықтан барлығы өз ісіне тиянақты болуы керек».

Айта кетейік, қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер парламентке қыркүйек айында ұсынылады деп жоспарлануда. Заң жобасы тәртіпсіздікті тоқтатып, дәрігерге шабуыл – бұл қылмыс екендігін айқындауы тиіс. Заң күшіне енсе, медицина қызметкеріне жасалған мұндай әрекеттер жазасыз қалмайды.