24 жастағы Нұрила Тұрысбекова чемпионатта топ жарды

Шымкенттің тумасы Нұрила Тұрысбекова Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған ат спортының қалалық ашық чемпионатында 3 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды. Конкурдан ашық турнир Астана іргесіндегі «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде өтті. 

Нұрила Тұрысбекова 24 жаста. Бала кезінен жылқыға жаны құмар спортшы конкур спортынан талай рет түрлі деңгейдегі кубоктарға қол жеткізіп, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған. Бұл жолы Астана қаласында ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған конкурдан ашық чемпионаттан 3 алтын, 1 күміс медальді еншілеген. Нәзік жанды түрлі санатқа бөлінген жарыстарда Кьюбель, Нагано, Джони есімді жылқылармен өнер көрсетеді.

Бұл менің алғашқы жетістігім емес дейді жас спортшы. Оның айтуынша, ат спортына арналған мұндай ашық чемпионаттың мақсаты ұлттық олимпиадалық спорт түрлерін дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, жылқы мәдениетін дәріптеу дейді Нұрила Тұрысбекова. Сондықтан ол әрбір жарысқа қатысу арқылы тәжірибиемді шыңдаймын деп отыр. Бұдан бөлек, Нұрила әртүрлі биіктіктегі және техникалық күрделіліктегі бірнеше маршрутта бақ сынап, өзінің шеберлігі мен атына деген сенімін дәлелдеді. Бұл нәтиже, оның кәсіби дайындығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі.

Нұрила Тұрысбекова: «Аттармен жұмыс істеу оңай емес. Олардың мінездері бар. Бәрін сезеді. Жарыс барысында толқу болады. Олармен сөйлесу керек. Қалай оған қарайсың. Соған қарай саған көмектеседі».

Ауқымды додаға елордамыздан және Қарағанды облысынан келген 80-нен астам шабандоз қатысып, сәйгүліктерімен бірге шеберліктерін сынаған. Жарыс барысында спортшылар 12 түрлі маршрут бойынша бақтарын сынады.

Нұргүл Жолымбетова