Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халықпен кездесуін жалғастыруда. ІІІ тоқсандағы жиын шаһардағы А.Асқаров және Б. Исмайлав көшелерінде өтті. Тұрғындарды қабылдауда қандай мәселелер қозғалды? Қандай шешімдер қабылданды?
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала тұрғындарымен жүздесіп, мәселелерін тыңдады. Басқосуда жұртшылық өзекті түйткілдерді көтеріп, шешімін табуын өтінді. Бұқараның басым бөлігі қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, көшедегі жарық, саябақ және көшедегі демалатын орындардың болмауы секілді мәселелер көтерді.
Тұрғын: Тротуарда жарықтар мен орындықтар болған.Оның бәрін кесіп алып кетті. Қазір жарық та, орындық та жоқ. Түнде қап-қараңғы адамдар жүргенде. Жолда бар бірақ тротуарда жарық жоқ».
Қала тұрғынының уәжін мұқият тыңдаған әкім мәселені зерделеп көрейік дейді. Өңір басшысы қаладағы электр желілері мен электр тарату жүйелерінің ескіргенін де айтты.
Ғабит Сыздықбеков, Қала әкімі: «Қалада мынау сеттармен трансформаторлар ескірген. Шетінен жоспарлы түрде ауыстырып жатырмыз. Қазір мамандар айтып жатыр. Анау көтере алмайды дейді. Техусловиясын көрейік қаншалықты. Бірақ скамейканы міндетті түрде қойып береміз. Ал жарықтандыруды мен уәде бере алмаймын. Қазір зерделеп қарайық».
Тұрғындардың бірі үйлердегі жылу жүйесінің тозғандығына шағымданып, проблеманың бірнеше жылдан бері шешілмеуі тұрғындарды титықтатқанын жасырмады.
Тұрғын: «Бізде жылу жүйесі шіріген. Қай жылғы үйлер ғой бұлар. Соны біз жылда ақша жинаймыз. Бір жағын істеп бір жағын істемейді. Біз шаршадық. Соны сіз қолға алсаңыз».
Шағымды мұқият тыңдаған әкім, тұрғынға әкімдік жылуды тек үйлерге жеткізетінін, әрі қарай ішкі жүйеге халықтың өздері жауапты екенін түсіндірді. Дегенмен жұртшылық құбырларды бірнеше рет жөндеу жұмыстарын жүргізгенін және бұдан нәтиже шықпағанын айтқан соң, Ғабит Сыздықбеков тиісті маманға түйткілді шешуге тапсырма берді.
Ғабит Сыздықбеков, Қала әкімі: «Қуат жылу орталығының» басшысы сізге қазір келеді. Бұның бәрі қаражат қой қосымша. Біз мемлекеттен бөле алмаймыз. Сол себептен 1 рет қана купон болсын иә».
Құрсай тұрғын алабының тұрғыны қоғамдық көліктің мәселесін көтерді. Айтуынша, елді мекенге 20 және 5 нөмірлі жолаушылар көлігі кіреді. Дей тұрғанмен соңына дейін жүрмейді екен. Сондықтан өңір тұрғындарына аялдамаға жету үшін бір жарым шақырым жаяу жүруге тура келеді.
Тұрғын: «Құрсай елді мекенінде аялдамаға шығу үшін 1-1,5км жаяу жол жүреміз. Қазір рақмет әкімдікке осы жол салып берді. Жарық бар. Сол енді автобус жоқ. Біздің елді мекенге кіретін болса».
Әкім алдағы уақытта жол ақысы көтеріліп, қызмет көліктерінің жол жүру бағыттары қайта құралатынын жеткізді. Және ұсынысқа сол уақытта халық сұранысын орындау мүмкін екенін айтты.
Ғабит Сыздықбеков, Қала әкімі: «Келесі жылдың басынан біз жол ақысын көтереміз. Бұл мәжбүрлі шара. Ал оқушы, зейнеткерлерге бұрынғыша тегін болады. Сол кезде жаңадан оптимизация істейміз. Егер тұрғындардың саны бәрі сәйкес келетін болса. Ережеге. Біз қосамыз. Мен уәде бермеймін қазір».
Қала басшысының көшпелі кездесуінде айтылған барлық ұсынып-пікірлер арнайы тізімге енгізілді. Әкімдік өкілдері әрбір мәселені зерттеп, шешу жолдарын ұсынатынын жеткізді.
Ботакөз Әнуар