Әрбір айыққан науқастың атынан көшет көктейді. Бұл – Шымкенттегі №2 қалалық ауруханада қалыптасқан ерекше дәстүр. Дертінен жазылған науқастардың туыстары алғысын білдіру үшін аурухана аумағына көшет отырғызады. Мамандардың айтуынша, мұнда былтырдан бері 700-ден астам тал егілген.
Анасының өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс айтқан ер азаматтың ағаш отырғызған сәтінің видеосы әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді. Ерекше «рақметтің» бұл үлгісі бүгінде дәстүрге айналып, аурухана аумағын жасыл баққа айналдырып келеді. №2 қалалық ауруханадан бастау алған бұл үрдіс бір жылдың ішінде 700-ден аса көшет егуге ұласыпты. Дәрігерлердің айтуынша, аурухана аумағында 5 гектар жер бар. Сондықтан алдағы уақытта да мұнда көшет отырғызып, тал өсіруге мүмкіндік мол.
Әрбір адам өз шамасына қарай көшет таңдайды. Ал оны күтіп-баптау ісімен бағбандар айналысады. Мелдебек Сағындықовтың айтуынша, мұндағы әр тал – дәрігер еңбегінің айғағы әрі өмірге деген құштарлықтың белгісі.
Қыста тал егуге мүмкіндік болмаған жағдайда, разы болған науқастардың туыстары үй гүлдерін сыйға тартады. Әрбір гүлдің өзіндік тарихы бар, оны мұндағы медицина қызметкерлерінің бәрі біледі. Сондықтан, мұндағы кішкентай үй бақшасы – сауығудың, сенімнің әрі дәрігерлердің қажырлы еңбегінің символы іспеттес.
Ботакөз Әнуар