Түркістан облысында дәрігерлер 1 жасар баланың қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болды. Абайсызда оң қолын еттартқышқа салып алған бала есінен танып қалған. Дәрігерлер баланың қазіргі жағдайы орташа, бірқалыпты ауыр дейді.
Түркістан облысы Төле би ауданы Көксәйек ауылында бір жасар ойын баласының оң қолы еттартқышқа түсіп, шайнап кеткен. Дәрігерлер оның бір өлімнен аман қалғанын айтады. Оқиға 7 қыркүйек күні болған. Ес-түссіз, көп қан жоғалтқан баланы облыстық балалар ауруханасына түске жақын жедел жәрдеммен ата-анасы жеткізген.
Ержан Шәріпов, дәрігер-травматолог: «Үйінде ата-анасы банкі жауып жатқан кезде бала қолын еттартқышқа тығып алып, шайнап кеткен. Толық көлемде. Күндізгі кезекшілік кезінде алып келді бізге. Біз жедел түрде жан сақтау бөліміне жатқызып, ол жерде жедел түрде ота жасап, балаға көмек көрсеттік. Қолын төменгі білек дейді, сол жерге дейін қолын шайнап кеткен. Саусақтары мен алақан сүйектерінің барлығын майдалап шайнап тастаған. Қолын сақтап қалуға мүмкіндік болмады. Жаңағы еттартқышта майдалап, термен ғана ілініп тұрды қолы».
Дәрігерлердің айтуынша, бала жансақтау бөлімінен шығарылғанымен жағдайы қалыпты орташа ауыр. Ота кезінде баланың оң қолын білегіне дейін кесіп алып тастауға мәжбүр болған. Дәрігерлерге төтеншеліктер көмектескен. Әуелі мамандар баланың қолын еттартқыштан шығарып алған.
«Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері облыстық балалар клиникалық ауруханасында баланың қолын еттартқыштан босату бойынша бірегей операция жүргізді. 112 нөміріне бір жарым жасар баланың қолын электр еттартқышқа сұғып алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Дәрігерлер баланы өз күштерімен босата алмаған соң, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Операция дәрігерлермен бірлесіп жүргізілді. Балаға наркоз берілгеннен кейін құтқарушылар апаттық-құтқару құралын пайдаланып, еттартқыштың корпусын мұқият кесіп, оның қолын босатты»
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі
Қазір бала есін біледі, сөйлей алады. Оған ата-анасы қарап жатыр. Баласының жағдайынан есеңгіреп қалған ата-ана оқиға туралы қандай да бір пікір беруден бас тартты. Құтқарушылар мен дәрігерлер ата-аналарға барынша мұқият әрі сақ болуға, баланы жалғыз қараусыз қалдырмауға шақырады.
Дилара Иса