Түркістан облысында ауыз су мәселесі әлі де бар. Ауыз су қалалармен бірге ауылдарда да өзекті. Тіпті кей ауылдарда ауыз су атымен жоқ. Бұл мәселені шешу жолдары облыс әкімдігінде өткен жиында тағы бір рет талқыланды.
Түркістан облысында 192 ауылға ауыз су кестемен беріледі. Оның негізгі себебінің бірі жер асты суларының төмендеуі. Оған қоса су тазарту қондырғыларының қуаты жеткіліксіз, инфрақұрылым тозған. Мысалы, Сауран ауданы Оранғай ауылында тартылған су жүйелері қараусыз қалып, жабдықтар ұрланған. Ал оннан аса ауылда ауыз су жоқ. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды.
Тоқтар Үсіпалиев, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Республика көлемінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі екі көрсеткішпен бағаланады. Атап айтқанда, 2024 жылдың қорытындысымен қалалар бойынша орташа көрсеткіш 99,4 пайызды құраса, ауылды елді мекендер көрсеткіші 97.8 пайызды құрады. Соның ішінде Түркістан облысында қалалардың ауыз сумен қамту 100 пайыз, ауывлды елді мекендерді қамту 98.1 пайызды құрап 9-орынға қалыптасты. Құрметі Нұралхан Оралбайұлы, қалалардың қамтылу деңгейі жоғары дегенмен Арыс, Шардара, Ленгер, Сарыағаш қалаларын ауыз сумен қамтуда өзекті мәселелер бар».
Биыл жазда Шардара су қоймасындағы су деңгейін 22 есеге азайып, Шардара қаласында ауыз су бір күнге тоқтап қалды. Арнайы штаб құрылып, жергілікті әкімдік қосымша су сорғыш тартты. Тоқтар Үсіпәлиевтің сөзінше, 31 мыңнан аса халқы бар бұл қалада ауыз су мәелесі әлі де өзекті.
Тоқтар Үсіпалиев, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда Шардара қаласында су тазарту станцасының тозығы жеткен. Жаз мезгілінде қоймадағы судың деңгейі төмендеп сапасы нашарлап халыққа үздіксіз ауыз су беру қиындады. Мәселені шешу үшін Шардара топтық су құбырын салу, бірінші кезекте су құбыры нысаны құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 16,9 миллиард теңге. 2025 жылға 8,3 миллиард қаралды. Нысан 2026 жылға өтпеді. 1 қыркүйек бойынша 58 пайыз игерілді».
Ресми мәліметке қарағанда, облыста 756 ауыл бар. Оның 98 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген десе де кейбірінде мүлдем су жоқ. Оған қоса ауыз су сапасы, жеткізілу уақыты, инфрақұрылымның тозуы сияқты өзекті мәселелер әлі де бар.
Дилара Иса