Шымкент қаласының әкімі қала тұрғындарымен ашық кездесу өткізді. Бұл жолы шаһар басшысы Көкбұлақ, «Тәуелсіздікке 20 жыл» ауданының халқымен кездесті. Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, инфрақұрылым, жол жөндеу, жарықтандыру, ауызсу, қоғамдық көлік және басқа да әлеуметтік маңызы бар салаларға қатысты ұсыныстарын білдірді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Көкбұлақ, «Тәуелсіздікке 20 жыл» шағынауданында болып, әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдады. Жиналған жұрт бұл жолы жұмыссыздық проблемасын алға тартып, жұмыс орнын ашуды сұрады. Олардың айтуынша, шалғай аудан болған соң, алысқа қатынап жұмыс істеу қиындық тудырады екен. Алайда, әкім түрлі жұмыс орындары бар екенін бірден айтты. Керісінше еңбек еткісі келмейтін адамдар көп дейді.
«Менің айтпағым, қалаға қосылғалы, 180 гектар жеріміз болған. Сол Тұран ауданына өтіп кетіпті деп. Біздің ауылда жұмыс орны жоқ. Сол жерге инфрақұрылым, зауыт па салсаңыздар. Жастарды қолға алу керек».
Жауап. «Бізде индустрияльды аймақ салып жатырмыз. Біз қазір үлкейтіп, кеңейтіп жатырмыз. Осы жақын жерде Темір дейтін индустриалды аймақ салынады. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар ғой. Істеймін деген адам бар ма? Беріңізші. Тізім беріңіз бәрін жұмысқа орналастырып беремін».
«Мына көшеміз тар».
ЖАУАП: «Біз оны кеңейте алмаймыз. Өйткені, мұндағы халық үйлеріне құжат алған. Ол үшін, мемлекет мұқтаждығына алу керек. Оған ақша жоқ. Басқа жыртығымызды жамап алайық. Жол бар, жарық, суымыз бар. Қазір істей алмаймын».
Сонымен қатар, ауылдың ақсақалдары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға көмек қолын созуды сұрады. Анасы мен баласының денсаулығы жоқ. Ал, басындағы жалғыз баспанасы қираудың аз алдында тұр деп мұңын шақты. Шаһар басшысы, мәселені іліп алып, депуттарға жолдады. Енді халық қалаулылары мұқтаж отбасыға көмек бермек.
«Осы ауылда жағдайы жоқ бір кісі бар. Баласы екінші топ мүгедектігі бар. Анасы денсаулығы жоқ. Үйлері құлайын деп тұр. Осы биылғы қыстан қалады ма, қалмайды ма?»
«Түсіндім. Осы Бахадыр. Осы кісі мәслихаттың төрағасы. Қаладағы екінші кісі. Баке, қолыңызға аласыз ғой. Депуттарға тапсырасыз ғой».
Кездесу соңында әкім халықпен байланыс әрқашан ашық болатынын және мұндай форматтағы жүздесулер тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, қала әкімдігі халықтың өмір сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Нұргүл Жолымбетова