“MISS SHYMKENT 2025″: Тәж иесі анықталды

Шымкенттің ең сұлу аруы анықталды. Тамыз айынан басталған іріктеуге 150 қыз қатысқан. 12 қыркүйекте өткен сұлулық сайысында 3 кезеңнен сүрінбей өткен 15 ару бақ сынады. Тартысты өткен байқаудың барысы туралы келесі сюжетте.

Көз тартар әсемдік, білім мен сұлулықты қатар ұштастырған арулардың бәсекесі. Биылғы “Miss Shymkent – 2025” байқауының жеңімпазы атанып, тәж иесі болған – 19 жастағы Нұрай Айнабек.

Айта кетейік, біздің түсірілім тобы Шымкент аруы Нұрай Айнабекпен байқау нәтижесі жарияланбай тұрып тілдесіп үлгерген еді. М. Әуезов атындағы университеттің сәулет мамандығында оқитын ару, саяхаттауды, сурет салуды ұнататын айтады. Бойжеткен бұл байқауға қатысуды бала күнгі арманым еді дейді.

Нұрай Айнабек, “MISS SHYMKENT – 2025” байқауының жеңімпазы:
«Иә, осы байқауларға қатысу бала күнгі арманым болатын. Кішкентайымнан сахнаға шығуды армандап едім. Бүгін сол арманым орындалды».

Бастапқы іріктеуден 18 ару өткен. Дегенмен, оның үшеуі өз еркімен бас тартып, ақтық сында 15 бойжеткен бақ сынады. Қатысушылар 4 кезең бойынша сынға түсті: әуелі мың бұрала би билеп, өзін таныстыру, ұлттық киім дефилесі және сұрақ-жауап бөлімі арқылы ақыл-парасатын көрсетті. Нәтижесінде үздік бестіктің есімі белгілі болып, арнайы сый-сияпаттар табысталды.

Ақжамал Әбілдаева, «Шымкент аруы» байқауының аймақтық директоры: «10 қыздың ішінен 5 қыз іріктеліп, марапатталады. Олардың арасында 2-вице мис, 1-вице мис Шымкент анықталады. Биылғы байқауда басты демеушіміз – «Lexus» компаниясы болғандықтан, алғаш рет “Miss Lexus” атағы тағайындалды. Бұл аруға да арнайы тәж бен лента тапсырылды».

Айта кетейік, «Miss Shymkent – 2025» байқауының жеңімпазы енді алдағы «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық додасында өңір намысын қорғайды.

Ботакөз Әнуар